Биыл елде 88 келі синтетикалық есірткі тәркіленді

Оның қара нарықтағы құны 1,7 млрд теңгеден асады.

Кейінгі 6 жылда балалар мен жасөспірімдер арасында психоактивті заттарға тәуелділік 17 есе артқан. Бұл жайында депутат Динара Шүкіжанова айтты. Ол Президент жанындағы Жастар кеңесінің рөліне тоқталды. «Бұл кеңестің синтетикалық есірткімен күрес жөніндегі бастамалары өзекті және ол іске асуы тиіс», - дейді ол. Нашақорлықпен және есірткі саудасына қарсы жоспар қабылдау мәселесі кезек күттірмейді.

Динара Шүкіжанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз, «Республика» партиясының өкілдері мына мәселелерді қарастыруды ұсынамыз. Заңнаманы қатаңдату: жасырын есірткі зертханаларын ұйымдастырушылар үшін жауапкершілікті күшейту. Ақпараттық-коммуникациялық жүйелерді пайдалану арқылы есірткінің заңсыз айналымын үгіттегендер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыру. Бұлтартпау шарасын уақытылы шығару мақсатында синтетикалық есірткінің сот сараптама өндірісінің мерзімін қысқарту.