Алматы облысында білікті дәрігерлер жетіспейді

Білікті дәрігерлердің тапшылығы да медицина саласындағы өзекті мәселеге айналып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ахуал Алматы облысында да мүшкіл. Әсіресе Жамбыл, Қарасай, Іле мен Талғар аудандарының тұрғындары дәрігерлердің жұмысына жиі шағымданады. Бұл жөнінде өңірге жұмыс сапарымен барған еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты. «Министрлік кабинетіне Алматы облысындағы медициналық қызмет сапасына қатысты арыз шағым жиі айтылады. Әр мәселе жеке талданады. Ауылдық жерде білікті кадр тапшылығын шешу үшін Үкіметтен бөлінетін үстемақы көлемі де ұлғайтылады. Келесі жылдан бастап ол 10 млн теңгеге жетеді», - деді  Денсаулық сақтау министрі.

Облыс тұрғындары жоғары қан қысымы, қант диабеті мен бүйрек патологиясы ауруларына жиі шалдығады. Былтыр өңір бойынша халықтың жалпы өлім-жітімі 2021 жылмен салыстырғанда 13% ұлғайған. Бас дәрігер Есік қаласы мен Қонаев қаласындағы ауруханаларда болып, дәрігерлердің жұмысымен танысты. Аудандық ауруханаларды заманауи компьютерлік томографтармен, рентген аппараттарымен қамтамасыз ету  84% дейін жеткен.  

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Қазір дәрігер ең керекті мамандық болып есептеледі. Жыл сайын 8 мың дәрігер дайындалып шығады деп жатырмыз. Қай жерде дәрігер жетіспейді, сол жерге бар деп жолдама бөлуге құқылымыз. Дәрігерлер өңірлерге жіберілетін болады. Бірақ сол кезде дәрігердің өзін алып қалу, олардың тұрақтанып қалуына әкімшіліктер жұмыс жасауы керек.