Жаңаөзенге арнайы жұмыс тобы барды

Жаңаөзенге «ҚазМұнайГаз» компаниясы қызметкерлерінен құралған арнайы жұмыс тобы барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар 1 ай көлемінде мұнай өндіруші және сервистік мекемелердің қызметіне талдау жүргізіп, еңбек ұжымдарымен кездеседі. Кәсіпорындардың қазіргі жағдайы, соның ішінде мемлекеттік сатып алу саласында атқарылған іс-шараларды зерттеуге баса мән берілмек.

Бұл ретте сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге ерекше назар аударылады. Бір атап кетерлігі, жергілікті компаниялар қызметкерлерінің келісімшарт талаптарының бұзылғаны жөніндегі арызы мен Астанада өткен жиында Жаңаөзеннен барған наразы топ мүшелерінің шағымдары бөлек қаралады. Талдаулардың қорытындысында өзекті мәселелерді шешуге арналған іс-қимыл жоспары жасақталады.

Дәулетжан Хасанов, «ҚМГ» ҰК» басқарма төрағасының орынбасары:

- Әр мекемелер бойынша сауалнама жұмыстарын жасап, мүдделі тараптармен кездесіп, сосын шешімдерін ұсынатын боламыз. Талдау жасап, мердігер мекемелердің толықтай деуге болады ұзақ мерзімді шартқа шығаруға жұмыстанып жатырмыз. Осы күнге дейін келіссөздер жүргізіп келдік. Олар қазір Астана қаласында қалып отыр, бірақ біздер осында шақырып отырмыз. Жұмысшыларды жұмысқа орналастыруға, ұзақ мерзімді жұмыстарды тауып беруге біз кепілдік береміз дегенбіз. Олардың одан басқа да талаптары бар.