Петропавлда көпір қайта жөнделеді

Ал Петропавлда «Жұмысшы кенті» ауданын облыс орталығымен байланыстыратын көпірдің сапасы тағы сыр берді.

2014 жылы аталған нысанға күрделі жөндеу жүргізілген. Ол кезде бұл мақсатқа жарты миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Соңғы екі жылда көпірде жарық пайда болып, мамандар оны да  қалпына келтірген. Алайда бұл жағдай биыл да қайталанды. Сондықтан өткел тағы жөндеуге жабылуы мүмкін. Бірақ аталған нысанның үстімен күніне мыңдаған көлік пен жүздеген жүргінші қатынайды.

Әділбек Әубәкіров, қала әкімінің орынбасары:

- Биыл өткелдің жағдайын техникалық зерттеуге 15 миллион теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ 100 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Барлық шаруалар атқарылғаннан кейін жаяу жүргіншілерге арналған баспалдақ салып, қоршауды жаңалаймыз. Ал асфальт жабындысын мердігер өзі қалпына келтіреді. Жалпы бұл көпір 1961 жылы пайдалануға берілген.