Алматыда оқушылар арасында қаржылық қауіпсіздік бойынша олимпиада өтті

Қаржылық сауаттылық дегеніміз не?

Қаржы пирамидаларына алданбау үшін нені білу керек? Бүгін Алматыда Қазақстан оқушылары арасында қаржылық қауіпсіздік бойынша І-ші Республикалық олимпиаданың шешуші кезеңі өтті. Оған еліміздегі жалпы білім беретін мектептердің 10-11 сынып оқушылары қатысты. Олимпиада Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен Алматыдағы Тұран университетінде өтті.

Бүгінде оңай олжаға кенелгісі келетіндер аз емес. Алаяқтардың қармағына әсіресе экономиканың қарапайым қағидаларын біле бермейтіндер түседі. Жеке мәліметтерін алып несие рәсімдейді немесе көп пайда табасыз деп ақшасын пирамидаға салдырады. Оқушылар арасындағы тұңғыш олимпиаданы еліміздің Қаржылық мониторинг агенттігі ұйымдастырып отыр.

Бағдатгүл Белгібаева, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті әкімшілік басқармасының басшысы:

- Қазіргі уақытта заманауи мына өзгерістерге байланысты әртүрлі мысалы телефондарда да, әртүрлі мессенджерларда да осындай қаржы пирамидалары, қаржылық тағы да басқалар бойынша көптеген хабарландыру шығады. Соларға бұлардың ілігіп кетпеуі, олардың қаржылық сауаттылғын арттыру, заманауи талаптарға сәйкес бізде қаржы саласын дамыту болып табылады.

Олимпиаданың бірінші кезеңі онлайн өтіп, оған еліміздің мектептерінен 3200-ден астам оқушы қатысты. Жақсы нәтиже көрсеткен 315 бала екінші кезеңге жолдама алды. Олар қаржылық қауіпсіздік жөнінде эссе жазып, әртүрлі жағдаяттық тапсырмаларды шешті.

Шоқан Оразбеков, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілі:

- Бұл олимпиада пилоттық жоба. Оқушыларға тест тапсырмалары жіберілді. Жауаптарды іздеу кезінде қаржылық білімдерін жетілдіргендері анық. Ал жағдайаттық тапсырмалар дұрыс шешім қабылдауға үйретеді. Мысалы, алаяққа тап болсаңыз қандай қадам жасайсыз деген секілді.

Жеңімпаздар бағалы сыйлықпен марапатталады. Алдағы уақытта олимпиада республикалық олимпиадалар тізбесіне енгізіліп, еліміздің барлық өңірлерінде тұрақты өткізілетін болады.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Әбен Нарымбаев