Оралда жастар фестивалі мәреге жетті

Оралда жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері арасында өткен бір айлық фестиваль аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауқымды байқау алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оған 11 аталым бойынша 10 мыңнан астам студент қатысты. Атап айтқанда, жастар шығармашылық, спорт және киберспорт түрлерінен бақ сынады. Доданың өтуіне жергілікті кәсіпкерлер қолдау көрсетті. Әрбір аталымның жүлдегерлері марапатталды. «Осылайша, оқу орындары арасындағы байланысты нығайтып, жастардың қарым-қабілетін шыңдауға күш саламыз», - дейді ұйымдастырушылар.

Дулат Жүсіпқалиев, қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы:

- Студенттеріміз барлық бағыттар бойынша өздерінің ең жоғары деңгейде дайындықпен келгенін көрсете білді. Жүлде қоры 2 млн 500 мың теңгені құрап отыр. Әр бағыттарға бөлінеді, сонымен қатар жалпыкомандалықтарға да бөлінеді. Алдағы уақытта бұл жобаларды жүзеге асыра береміз. Студенттердің сұранысы өте жоғары.