Қызылордада әдеби автобус жолға шықты

Қазақ тіліндегі ең алғашқы кітап 1807 жылы жарық көрген екен. Сейфул-Мәлік қисса дастаны Қазан қаласында басылып шыққан. Әдеби автобусқа мінген қызылордалықтар қазақ руханиятына қатысты біраз құнды мағлұматқа қанықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жолаушылар жол-жөнекей поэзиялық жыр тыңдап, жас өнерпаздардың орындауындағы есті әндерді қосыла шырқады. Автобустағы жолаушыларға викториналық сұрақтар қойылып, Сыр өңірінен шыққан ақын-жазушылардың шығармалары таныстырылды. Ерекше шараны ауылдық кітапхана қызметкерлері Дүниежүзілік кітап және автор құқығын қорғау күніне арнайы ұйымдастырған. Акция бірнеше күнге жалғасады.

Гүлзат Тілесова, кітапханашы:

- Интернет желісінің өте кең тарауына байланысты ақпараттық бағдарламаларды көшіріп алу біздің кітап оқудан алшақтатып бара жатыр. Сол кітапқа деген құштарлықты арттыру мақсатында осы шараны ұйымдастырып жатырмыз.

Жолаушылар:

- Концерт беріп, балалар тақпақ айтып жатыр. Соны ұйымдастырған ұжымға рақмет, алғысым шексіз.

- Бүгін қоғамдық көлікке міндік, ішінде оқушылар ән айтып, түрлі сұрақтар қойып жатыр. Қуанып қалдық. Кітапханашылар көп мағлұмат беріп жатыр. Айт құтты болсын!