Астанадан Жаңаөзенге барған комиссия қырықтан астам кәсіпорынды аралады

Астанадан Жаңаөзенге барған арнайы комиссия 2 тәулікте қырықтан аса кәсіпорынға барды.

Мұнай компаниясына қарасты басқармалар мен сервистік мекемелердің қаржылық жағдайына аудит жүргізу, еңбек ұжымдарымен кездесу демалыс күндері де тоқтаған жоқ.

Бүгін 400-ден аса адам еңбек ететін өндіріс орнын аралап, жұмысшылардың талап-тілегіне құлақ түрді.

Бұл кәсіпорын ұжымы мұнай өндірісінде қолданылған құбырларды қалыпқа келтірумен айналысады. Мамандар тәулігіне 1000 құбыр мен 25-30 сорғыны жөндейді екен. 10 жыл бұрын ашылған мекемеде құрал-жабдықтардың басым бөлігі ескірген. Сондай-ақ медициналық картаға кейбір емдік шаралар енгізілмей қалған.

Балжан Оразбаева, слесарь-жөндеуші:

- Медпунктке барғанда сондай проблемалар болып тұрады. Кейбір анализдерді тапсырғанда платный жаққа кетіп қаламыз. Біздерде жоқ деп айтылады. Кейбір дәрі-дәрмек, укол алғанда оларды да өз қалтамыздан шыққан ақшаға сатып аламыз.

Алтын Иманбаева, слесарь-жөндеуші:

- Күні-түні жұмыс жасайды станок дегендер. Кейбірі бұзылып қалады, темір ғой қанша дегенмен. Соған ұсыныс айттық, жәйлап ауыстыратын шығар. Комиссия келіп, соған барлық мәселемізді айтып бердік.

Арнайы комиссия бірнеше топқа бөлінді. Аудит ісімен есепші-экономистер айналысса, өндіріс орындарын 4 жұмыс тобы аралайды. Олардың әрқайсы күніне 2-3 кәсіпорынға барып жүр. Жұмысшылар арасында сауалнама жүргізіп, мекеменің техникалық жағдайымен егжей-тегжейлі танысады. Еңбек ұжымдары көтерген мәселелердің күн тәртібіне шығып, алдағы уақытта оң шешілуіне атсалысады.

Бекзат Ағжанов, жұмыс тобының жетекшісі:

- Кез келген сұрақ назардан тыс қалмайды. Жұмысшыларды негізінен жалақы, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, медсақтандыру және өндіріс орнын модернизациялауға қатысты мәселелер толғандырады. Талдаулар қорытындысында іс-қимыл жоспары жасақталады. Оған еңбек ұжымдары көтерген өзекті сұрақтар енгізіледі.

Комиссия жұмысы 31 мамырға дейін созылады. Сондай-ақ "Өзенмұнайгаз" және "Берәлі Маңғыстау" компанияларының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүріп жатыр. Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметіне қарағанда "Өзенмұнайгаз" өкілдері жаңа сорғы-компрессорлық құбырларды құжат бойынша орнатып, қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген. Ал "Берәлі Маңғыстау" басшылығы 2022 жылы туыстарымен арнайы техниканы жалға алу туралы бірнеше шарт жасағаны анықталды. Тергеу материалында 248 млн теңге қолды болды делінген. Бұл қаржы мекеме әлеуетін арттырып, жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсартуға, соның ішінде жалақыны көтеруге жұмсалуы тиіс болған.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Ренат Досалиев