Қызылорда облысында жасөспірімдердің қауіпсіздігі алаңдатады

Бұл видео әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Оқиға Қазалы ауданында болған еді.

Екі мектеп-лицейдің оқушылары арасындағы топтық төбелес салдарынан 9 сынып оқушысы ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті. Осы іске күдікті 3 жасөспірім ұсталды. Осы оқиғадан кейін ауданда кәмелетке толмағандарды бақылау шаралары күшейтілді.

Қуаныш Ерімбетов, Қазалы ауданының білім бөлімінің бас маманы:

- Бізде Әйтеке би кентінде 10 мектеп, Қазалы қаласында 3 мектеп бар. Әр сенбі, жексенбі күндері мектептің өзінің ішкі кезекшілік кестесі бар. 50-ден астам адам күнделікті рейдке шығады.

Жыл басынан бері ауданда жасөспірімдер 118 құқық бұзушылық жасаған. Оның 18-і соңғы екі апта көлемінде тіркелген. Полицейлер сағат 22:00-ден кейін көшеде жүрген балаларға ата-ана жауап беретінін ескертті. 

Ғанибек Құрманалиев, Қазалы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары:

- Қоғамдық орындарда, жастар көп жиналатын ойын сауық орындарына барлығына барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Және аудан прокурорнының бастамасымен барлық оқу орындары, колледж, мектептер, елді мекен мектептеріне, барлығына түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Құқықбұзушылықтың салдары туралы.

Ғанибек Құрманалиев, Қазалы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары:

- Ауданымыздағы мейрамхана, тойханалармен, кафелермен ортақ ынтымақтастық меморандум жасалған. Қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында аудандық прокуратурамен жергілікті және атқарушы органдармен бірлескен іс шара жоспары бекітілген болатын. Аталған іс шара жоспарына сәйкес 4 жұмысшы топ құрылып, күнде рейдтік шаралар жүруде.

Өңірде жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың қатысуымен 1,5 мыңға жуық құқық бұзушылық жасалған. Бір қуантарлығы, облыс бойынша балалар қылмысы 56 процентке азайып отыр. «Түнгі рейдтер мен жалпы бақылау шаралары қылмыс санын азайтып қана қоймай, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді»,-дейді мамандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нуржан Музарапшин, Айтмухамбет Байдулдаев