Түркістан облысында А. Сейітханды еске алуға арналған кеш өтті

Қажымұқан музейінде Амангелді Сейітханға арналған бұрыш ашылды.

Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы «Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейінде» қазақ телевизиясының майталманы, талантты комментатор Амангелді Сейітханды еске алуға арналған «Жеңісті күндерде жүздескенше» атты рухани кеш өтті.

Темірлан ауылындағы Қажымұқан музейінде алғаш рет «Алаштың Амангелдісіне» арналған «Жағымды жаңалықтың жаршысы болған жампоз жан» тақырыбында көрме ашылды. Оған Амангелді Муатханұлының жары Назгүл Үркімбаева мен ұлы Бекасыл Сейітхан және шәкірттері, белгілі спорт журналисті Телжан Күдеров, Жандос Айтбай және Қанат Базылхан қатысып, қызықты естеліктер айтты. Белгілі спорт журналисті Телжан Күдеров ұстазы жайында ойымен бөлісті.

Телжан Күдеров, Амангелді Сейітханның шәкірті:

- Ол кісінің ең басты қасиеті адалдық, шыншылдық, адамгершілік, рухани жағынан адамның өсіп-өнуіне ерекше мән берді. Қазақ телевизиясында алғаш мәте түрен салып, халықаралық дәрежедегі әлем чемпионаттары мен олимпиада ойындарын қазақ тілінде сөйлетуге, одан кейін өзінің үйренгенін бізге үйретті.

Амангелді Сейтіханның жары мен шәкірттері спорт комментаторының көзі тірісінде әлемдік спорт додаларын жүргізгенде пайдаланған заттарын, футбол ойнағанда киетін спорттық жейдесін және басқа да өзі тұтынған құнды дүниелерін музей қорына тапсырды. Баласы Бекасыл Сейітхан әкесінің бала тәрбиесіндегі орны жайында айтып берді.

Бекасыл Сейітхан, Амангелді Сейітханның ұлы:

- Оның өмірлік ұстанымы және бізге қойған талаптары өте бір қатал, заң деп білетінбіз. Дастархан басында сөз саптауымызға дейін мән беретін әкем, біздің тәрбиемізге де ерекше мән берді. Соның арқасында балаларының бәрі жан-жақты білім алып, өз мамандығының иесі болып жатыр. Сол себепті де әкемізге үлкен алғыс білдіреміз.

Қалың елі қоңыр дауысты, қоңыраулы үнді Амангелді Сейітхан қандай спорттық жарысты жүргізбесін көрерменін көгілдір экран алдына жіпсіз байлап қоятын қасиеті барын айтады. Сол үшін оны бүкіл қазақ жақсы көрді. Төбесіне көтерді. Спортты қазақша сөйлеткен комментатор ретінде елдің есінде қалып, ыстық ықыласына бөленді.  

Жазира Мүсілімова, облыстық спорт басқармасы басшысының орынбасары:

- Бізде спортта жарық жұлдыздар көп болса, олардың еңбегі мен спорттың жетістігін насихаттап, спорттың жаңалығын халыққа жеткізе білген, жүрегіне дейін жеткізген Амангелді ағамыз. Олда біздің спортымыздың жарық жұлдыздарының бірі деп есептейміз.

Амангелді Муатханұлы аз ғұмырында Қазақ елінің спорт журналистикасына азық боларлық көп іс тындырды. Мамандар болашақ спорт журналистерінің алдында «Амангелдітану», «Амангелдінің тілі», «Амангелдінің сөз тіркестерін» зерттеу міндеті тұрғанын айтады. Бұл бағыттағы кейбір жобалар басталып та кеткен. Ұлы Бекасыл Сейітхан, қазір әкесінің өнегелі ғұмыры жайында деректі фильм түсіріліп жатқанын жеткізді. Бұдан бөлек, «Хабар» агенттігінің ұйымдастыруымен мамыр айының 13 күні Алматыда Амангелді Сейітханды еске алуға арналған журналистер арасында футболдан дәстүрлі турнир өтеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбіш