Мәжіліс депутаты ағза саудасына заңмен рұқсат беруді ұсынды

Қазақстанда бүйрек доноры тапшы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова: Жетіспеушілікті жоюдың төте жолы – ағза саудасына заңмен рұқсат беру. Депутаттың бастамасына қарсылар көп. Қоғам белсенділері ағза саудасы заңдастырылса, қылмыс көбейетініне сенімді.

Айдар Шекенов 15 жылдан бері гемодиализдің жәрдеміне жүгінуге мәжбүр. 4 сағат бойы тамырына қадалған инеге қарап, тапжылмай жатуы тиіс. Жиі-жиі қанын тазартып отырмаса, бүйрегінің өздігінен жұмыс істеуге қауқары жоқ. 

Айдар Шекенов, пациент:

- Менің басқа амалым қалмады. Гемодиализге бармасаң, өлесің деді. Сөйтіп, гемодиализ қабылдап жүрмін. Қан қысымы алаңдатады. 180-190-ды көрсетеді. Диализдан кейін тұра алмай, 5-6 сағат жатамын. Яғни, қайта қалпыма келу үшін бір тәулік қажет.

Қазір 3 мыңнан астам отандасымыз жаңа бүйрекке зәру. Кезегін күтіп, көз жұмып жатқандар да көп. Жыл сайын шамамен 300 адам қайтыс болады. Статистиканы тілге тиек еткен Гүлдара Нұрымова ағза саудасына рұқсат беру қажет дейді. 

Гүлдара Нұрымова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ағза саудасына қарсылардың қарасы қалың. Расымен, бұл іске қылмыстық құрылымдар араласуы мүмкін. Алайда бүйректі кез келген адам ауыстыра алмайтынын ескеру керек. Операция лицензиясы бар, Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауындағы медициналық клиникаларда жасалады. Қазіргі уақытта Иран, Пәкістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Беларусь, Америка, Батыс елдерінде рұқсат берілген.

Денсаулық сақтау министрлігінің рұқсат бергісі жоқ. Заңсыз саудадан, қылмыстық әрекеттен қауіптенеді. Қазақстан заңнамасында ағза саудасына тыйым салынған. Сондай-ақ мұндай әрекет Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұстанымына кереғар.

Сәуле Шайсұлтанова, Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры:

- Ағза сатуды Пәкістан, Иран қолдап отыр. Молдава да осы әдісті қолданды. Бірақ бұл арқылы ол елдердегі донор тапшылығы жойылды деп айта алмаймын. Сондықтан біз де рұқсат беру арқылы мәселені шеше алмаймыз деп ойлаймын.  

Сандуғаш Орынбаева, «Өмір сыйы» трансплантациядағы пациенттер қоғамы» РҚБ президенті:

- Шын мәнінде, рұқсат берілсе, өз ағзасын сатуға ниетті адамдар саны көбейеді. Сол арқылы трансплантациялық хаб құрылуы да ғажап емес. Бар әлем бізді жазғыратынына күмәнім жоқ. Мұны көзге елестетудің өзі қорқынышты.

Бүгінгі таңда науқасқа жақын туысының ағзасын салуға рұқсат бар. Ал қайтыс болған бөтен адамның ағзасын алу үшін туғандары келісім беруі қажет. Алайда келісетіндер сирек. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, былтыр небәрі 4 дерек тіркелді.

Кез келген қазақстандық өлген соң ағзасын пайдалануға рұқсат беруге құқылы. Алайда заңға сәйкес соңғы сөз туыстарының құзырында. Мәжіліс депутаттары бұл тармақты алып тастауды ұсынып отыр.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Полина Зачиналова, Ербол Дайыров, Арман Ақшабаев.