Жамбыл облысында қараусыз үй жөндеуді қажет етіп тұр

Жамбыл облысындағы Қаратау қаласының тұрғындары 30 жылдан бері жөндеу көрмеген үйде тұруға мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаһар ортасындағы 9 қабатты қос үйдің жертөлесінен бастап шатырына дейін әбден тозған. Жоғарғы 3 қабатындағы пәтерлер қаңырап бос тұр. 26 баспананың иесі жоқ болғандықтан, есік, терезесін қиратып, ұрлап кеткен. Жылу құбырлары да жоқ. Жауын жауып, қар түссе, төбеден аққан су төменгі қабатқа дейін жетеді.

Мәселені былтыр жаңалықтарымыздан көрсеткен болатынбыз. Сюжеттен соң демеуші табылып, бір үйдің шатыры жабылды. Бірақ мәселе толық шешілмеген. Жергілікті билік, тұрғын үй қатынастары заңына сай көпқабатты үйді толықтай жөндеп бере алмайды. Дегенмен иесіз пәтерлерді мемлекет меншігіне ала отырып, бюджеттен қаржы қарастырмақ. Бірақ бұл жұмыстар біраз уақытты талап етеді.

Жазира Шардарбек, Қаратау қаласының тұрғыны:

- 7, 8, 9 бос. Бәрінде жөндеу жоқ. Аңғал-саңғал. Қаланың ең көрікті жері осы 9 қабатты үй ғой. Сырттан қарағанда қорқасың. Соны қолға алып, көркейтіп берсе.

Еркін Әлтішев, Талас аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Пәтерлердің бүгінгі таңда 16-сы коммуналдық меншікке алынған. 10 иесіз мүлік ретінде қазір Әділет басқармасында тіркеуде тұр. Енді уақыты келгеннен кейін оны біз коммуналдық меншікке алу бойынша сотқа береміз. Соттың шешімі арқылы коммуналдық меншікке алынады. Содан кейін барып жобалық сметалық құжаттамасы жасалынады жөндеу жұмыстарына. Сол жобалық сметалық құжаттама дайын болғаннан кейін аудандық немесе облыстық бюджетке ұсыныс берілетін болады.