Елімізде жаңа үйлерден сапа кете бастады

Үкімет жоспарына сәйкес жыл соңына дейін елде жалпы ауданы 15 млн шаршы метр тұрғын үй кешені тұрғызылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ құрылыстағы шикіліктерді қаперге алсақ, салынатын барлық үйдің сапасы сын көтереді дегенге сену қиын.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Тұран көшесі 55/10 мекенжайы бойынша орналасқан бұл тұрғын үй кешенінің проблемасы жетіп артылады. Бір қарағанда сырт көзге әп-әдемі үй. Бірақ жақындап қарасаңыз, қырық жамау екеніне көз жеткізесіз. Оның үстіне пәтерлері суық. Тағы қабырғалары мен едендері жарылған.

Елорданың сол жағалауындағы жаңа үйге ерлі-зайыпты Максим мен Динара былтыр қоныс аударды. Бұрынғы пәтерін сатып, кең баспанаға қол жеткізді. Жас отбасыны ауданның инфрақұрылымы қызықтырған. Мұз айдыны, супермаркет, балабақша, мектеп – бәрі іргеде орналасқан. Бірақ қыста пәтер іші суып, едені мен қабырғасына мұз қатқан.

Үйді салған құрылыс компаниясы қыста суық болған пәтерлерді қабырға сыртынан қаптау және еден астынан қымтау жұмыстарын жүргізді. Алайда осы кезде Максим мен Динара тұратын пәтердің төбесі шытынап кеткен.

Динара Сейсенғалиева, қала тұрғыны:

- Тесіп, тесіктер жасап, «пеноизол» деген материалды қысыммен құйды. Сол күні мен кішкентай баламен 15 наурыз күні үйде болдық. 1 жастағы балам осы бөлмеде ұйықтап жатқан. Жұмыстар жүргізіп жатқан соң балам оянды. Одан кейін екеуміз барып қайтып шықтық. Баламның киімдері осында болған соң жөргегін ауыстырып жаттым, сол кезде мына жарымыз тарс еткенде шошып кеттім. Баламды алып, жүгіріп шықтым.

Жөндеу жұмыстары кезінде ағаттық кетті ме? Әлде төбедегі бетон сапасыз болды ма? Пәтер иелері екінші нұсқаға сеніңкірейді. Үйдің кепілдік мерзімі әлі біткен жоқ. Осыған байланысты мүлкіне залал келген тарап қазіргі баспанасын ауданы 90 шаршы метрден кем болмайтын жаңа пәтерге ауыстыруды талап етіп отыр. Тараптар өзара ымыраға келе алмаса, бұл іспен сот айналысады. Құрылыс компаниясының өкілдері шытынаған төбенің адам өміріне ешқандай қауіп төндірмейтінін айтқан. Бізге де әлеуметтік желімен хат жолдаған. Бірақ камера алдында пікір білдіруден бас тартты.

Ал бұл – Ақтөбедегі жағдай. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйді 2 жыл бұрын пайдалануға берген. Бірақ аз уақыт ішінде қабырғалары қақырап, іргетасы үгіле бастапты.

Тұрғындар:

- Жамаудамыз осы үйді. Айналасына 2 рет цемент құйдық. Терезенің бәрін 3 рет алып салдық. Төбеден су саулап тұр екібастан.

- Енді бәріміз көшеміз дедік. Тұрақты деп. Кешкісін әкім келді де, уақытша деді. Енді ана жаққа барсақ, не газ жоқ, не жарық жоқ. Таңғы 7-ден 10-ға дейін жүрдік.

- Шамалы күннен кейін қарасам, ас үйдің есігі, есігімен бірге жары қисайып тұр маған қарай. Балдарым бар. «Өміріне жауап бересіз бе?» десем, «дым да қылмайды. Істейміз» дейді.

«Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы тұрғызылған бұл үйлердің тірегі отырып жатыр. Әкімдіктегілердің айтуынша, құрылыстың кепілдік мерзімі өтіп кеткен. Бірақ бұл жағдай техникалық тексеру жұмыстарын жүргізуге кедергі емес.

Айгүл Байменова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Есет батыр тұрғын алабындағы 2 үйдің жағдайына байланысты қазір қалалық әкімдік тарапынан комиссия құрылды. Комиссияның шешімі бойынша тәуелсіз сарапшылар ол жерде жұмыс істеп жатыр. Сараптама қорытындысы бойынша белгілі болады, сүріле ме, жөндеу жұмыстары жүргізіле ме. Ал осы уақытта қауіпсіздік үшін тұрғындарды 48 пәтерді басқа үйлерге көшіру туралы шешім қабылданды.

Сарапшылар «бұл үйде тұру қауіпті» деген шешім шығарса, мердігер мекеме өкілдері сот алдында жауап береді.

Виктор Микрюков, Қазақстан құрылысшылары қауымдастығының төрағасы:

- Нарыққа санаулы жобалар үшін келетін құрылыс компаниялары бар. Олардың мақсаты – қысқа уақыт ішінде тек пайдаға кенелу. Ұзақ мерзімге тұрақтайтын құрылыс компаниялары өте аз. Бірақ олардың өзі әртүрлі олқылықтарға жол береді. Қателігін жоюға тырысатын, тұтынушысын сөзбен емес, іспен құрметтейтін, сапаға мән беретін компаниялар кемде-кем.

Жоғарыда айтылған келеңсіз жағдайлар – жалпыға ортақ мәселе. Жаңа әрі қолжетімді үй аламын деп, аузы күйген адам көп. Жас отбасылар сапаға емес, бағаға қарайды. Мұны көрген компаниялар материалға жұмсалатын қаржыны мейлінше үнемдеп, бағаны да барынша түсіреді. Сарапшылардың пікірі осындай.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Артур Горшняков, Марат Диқанбаев.