Елімізде жабайы өсімдік түрлеріне салық салынады

Жабайы өсімдік түрлерін пайдаланушылар енді салық төлейтін болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік кірістер комитеті ерекше қорғалатын өсімдіктерге қатысты жаңа норма енгізілгенін мәлімдеді. Алайда жаңа ережемен келіспейтін тұрғындар бар.

Валерий Архипов – Астана қаласының тұрғыны. Жасы 73-те. Алғаш рет 9 жасында орманға түрлі жабайы жидек теруге барғаны әлі есінде. Бұрын хоббиі болған бұл істі қазір табыс көзіне айналдырыпты. Саңырауқұлақтарды сатып, кәсіп қылып жүр. «Одан түскен қаржы біз секілді зейнеткерлерге азық-түлік алуға ғана жетеді. Ал салық төлеуге шамамыз келмейді», - дейді ол.

Валерий Архипов, қала тұрғыны:

- Жаздың 3 айында саңырауқұлақ теремін. Оны тұздап, қыстыгүні сатуға қоям. Осылайша, нәпақамды тауып жүрмін. Жұбайым екеуміз – зейнеткерміз, жасымыз 70-тен асты. Зейнетақымыз азық-түлікке жетсе, дәрі-дәрмекке жетпей қалады. Сондықтан осы істі кәсіп қылып отырмыз. Мұндай салықтың түрі біз үшін қиынға соғайын деп тұр.

Аптап ыстық пен қақаған аязға қарамай, нәпақасын тауып жүргендер жаңа салықты қолдауға асықпайды. Себебі заңнамаға сәйкес орманнан адам басына шаққанда тек 5 келі жабайы өсімдік жинауға рұқсат бар. Мәселен, бір отбасыда 5 адам болса, онда 25 келі жабайы жидек түрін жинай алады.

Жабайы өсімдіктерді сатушылар:

- Орманға барсаң, кейде 5 келіге дейін жинайсың, кейде мөлшері одан асып кетеді. Оның барлығын өлшеп жүрсін дейді ме сонда? Түсінбеймін!

- Саңырауқұлақты жинамасаң, оны құрт жейді. Одан да барлығын жинап алған дұрыс қой.

Ал Кірістер комитеті мұны дау тудыратындай мәселе емес деп отыр. Бұл өзгерістер мен толықтырулар тек кәсіпкерлерге қатысты дейді.

Дархан Бисеналиев, ҚР ҚМ МКК Өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары:

- Тек фармацевтикалық және техникалық, сонымен қатар азық-түлік қажеттіліктері үшін жинаған кезде ғана, яғни кәсіпкерлік мақсатта жинап, дайындап, одан өңдеу арқылы тиісті өнімді өткізіп, оны сатқан кезде ғана осы төлемақы төленеді. Осыған басты назар аудару керек. Жеке пайдалануға немесе үйде пайдалануға жинаған кезде ешқандай рұқсаттың керегі жоқ, ешқандай төлемақы төленбейді.

Салық мөлшері әр аймақта әртүрлі есептеледі. Оны аудандық, қалалық және облыстық мәслихат өкілдері белгілейді. Ол сол аумақта өсетін жабайы өсімдіктің түрлеріне байланысты болады.

Дархан Бисеналиев, ҚР ҚМ МКК Өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары:

- Ол 150 теңгеден 800 тенгеге дейін. Өйткені өсімдіктер тізімі әртүрлі. Әр түріне байланысты біреуі – 100, біреуі – 200 теңге. Жалпы, біз қарадық, 150 тенгеден 800 тг арасында. Айлық есептік көрсеткіштің процентіне осындай қарым-қатынасымен бекітіледі.

Мәди Нұрпейісов, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің басқарма басшысы:

- Кез келген жаңа норманы енгізу барысында анализ жасалады. Сол анализге сәйкес ведмствоаралық комиссиядан өтеді, Атамекен ұлттық палатасымен бірге жұмыстар жүргізіледі. Соның негізінде осы өсімдіктер дүниесін рационалды пайдалану мақсатында енгізілген норма.

Егер азамат заңбұзушылыққа жол беріп, салық төлеуден жалтартса, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалайды. Орман алқаптарына келтірілген залал үшін 5-тен 10-ға дейінгі айлық есептік көрсеткіш, яғни 35 мың теңгеге дейін айыппұл қарастырылған. Ал бұзушылықтарды анықтау үшін арнайы мониторинг жұмыстары жүргізілетін болады.

Авторлары: Альмира Оразбай, Арман Ақшабаев, Диас Ковланбаев.