«АрселорМиттал Теміртау» АҚ ұжымы қауіпсіздік техникалары бойынша сайысты

Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының көмір департаментіне қарасты еңбек ұжымы қауіпсіздік техникалары бойынша сынға түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дода дүниежүзілік Еңбекті қорғау күніне орай дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Мұнда жұмыскерлер төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету жаттығуларын орындайды.

Дәстүрлі дода талаптарының бірі - былтыр қатысқан жұмысшылар бұл жолы сайысқа түсе алмайды. Осы әдіс арқылы компания барлық қызметкерлердің тәжірибесін кезең-кезеңімен шыңдауды көздеп отыр. Биыл 14 команда тіркелді. Олардың 8-і шахташылардан, ал қалғаны жерүсті өндіріс ошақтарының қызметкерлерінен жасақталған.

Нұрсұлтан Кәрімов, жерасты электр слесарі:

- Бұл іс-шаралар өте маңызды. Өйткені шахтада әртүрлі жағдайлар болып тұрады. Сондықтан да адамға ең бірінші медициналық көмек көрсету керек, білу керек.

Сырым Көрпешев, өнеркәсіптік қауіпсіздік инженері:

- Бұл сайыстарда төтенше жағдайлар кезіндегі жұмыскерлердің өзінің кәсіби жұмысын шыңдау және көрсету мақсатында сайыстар өткізіледі. Жанкүйер ретінде Күзембаев шахтасы командасын қолдауға келіп отырмын.

Командалар 3 кезең бойынша сыналды. Атап айтқанда, олар алдымен қалың түтін басқан аумақтан шұғыл шығу техникасын орындады. Кейін өртті су және ұнтақ арқылы сөндіру тәсілдерінен ептілігін байқатты. Бұдан соң шахтада қалып қойған адамдарды құтқарып, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетті.

Игорь Федосеев, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің басқарма директоры:

- Өндіріс аумағында кез келген оқыс жағдай болуы мүмкін. Осындай сәттерде әрбір қызметкер қырағылық танытып, жедел әрекет ете білуі тиіс. Қауіпсіздік техникалары мен құтқару дағдыларын білген адам өзінің де, өзгенің де өмірін сақтап қала алады. Сондықтан осындай оқу-жаттығу жиындары арқылы еңбек ұжымының шеберлігін шыңдағымыз келеді.

Жарыс қорытындысына сәйкес жерасты өндіріс орындары арасында И.А. Костенко атындағы шахта командасы үздік атанды. Ал жерүсті кәсіпорындары ішінен Көмір департаментінің басқармасынан құралған команда жеңімпаз болды.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Елдар Аюпов.