Маңғыстау өңірінде еңбек нарығына жаңа мамандықтар енгізіліп жатыр

Мемлекет басшысы бұған дейін жастардың мұнай саласынан бөлек, басқа кәсіпті игеруіне жағдай жасау қажеттігін айтқан болатын. Бұл жұмысты арнайы жоспар бойынша атқаруды Үкімет пен әкімдікке жүктеді.

Осы ретте мамандар «Жаңа кәсіптер атласын» әзірлеп, студенттерді сұранысы жоғары мамандыққа баулуды қолға алды.

«Бүгінгі заманның өзекті саласы – ақпараттық технологиялар. Осыны Маңғыстау облысын дамыту ісінде қолдануға болады». Өткен аптада Астанада өткен экономикалық кеңесте Президент Тоқаев осылай деді. Қазір еңбек нарығында компьютер тілін жетік меңгерген жас маманға сұраныс басым. Мұны маңғыстаулық студенттер де жақсы түсінеді. Жаңаөзен тұрғыны Ақмерей Сәрсенғалиев оқу бітірген соң жеке кәсіп ашуға мақсат қойған.  

Ақмерей Сәрсенғалиев, Жаңаөзен кәсіптік колледжінің студенті:

- Менің жоспарым – осы білімімді жетілдіріп, ІТ компания ашқым келеді. Графикалық дизайнға 3-сыныптан бері қызығып, өзім Photoshop, басқа да заттарды интернеттен қарап, үйреніп жүр едім. Ол бізге өте жақсы мүмкіндік деп ойлаймын, жұмысқа тұрғанда да қажет. Өзімізді көрсетіп жатырмыз. Соған көмектеседі деп ойлаймын. 

Ақтауда университет-колледж студенттері кезекті кәсіптік байқауда бағын сынап жатыр. Сайыс барысын сарапшылар бақылайды. Алқа құрамында бастамашыл жастарға жұмыс беруге дайын азаматтар да бар. Мәселен, Сәбит Құдайбергенов құрған компания бірнеше кәсіпорынға сервистік қызмет көрсетеді.

Сәбит Құдайбергенов, тәуелсіз сарапшы:

- Осы ІТ саласында жұмыс жасаймын. Үздік студенттерді болашақта өз компаниямызға жұмысқа алу үшін қарап жүрміз. Жалпы "жақсы" деп бағалап отырмын. Балалар өте дарынды. Жақсы көрсеткіштерді көрсетіп жатыр. Колледжді бітіргеннен кейін кәсіпке дайын жобаларымен келетін студенттер деп санаймын.

Жері Каспиймен шектескен өңірде туризм саласы қарқынды дамып келеді. Теңіз жағалауында бой көтерген қонақүй, мейрамхана, демалыс базаларына даяшы, әкімші, аспаз, аниматор секілді жұмысшылар қажет. Инвесторлар жас мамандардың шетелде тәжірибе алмасуын қолдауға дайын.

Мухиттдин Данаджи, шеф-аспаз:

- Туризм колледжінде оқып жатқан студенттер қонақүйлерде тәжірибеден өтіп жүр. Оларға атқарған жұмысы үшін жалақы төленеді. Осы оқу ғимаратының базасында арнайы оқу бағдарламасы жасақталды. Жастарды 4 түрлі мамандық бойынша оқытып жатырмыз. Емтиханнан сүрінбей өткендері біздің ұжымға қосылады.

Жәния Сармурзина, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:

- Соңғы 5-6 жылда мұнай саласы мамандықтарына кадрларды даярлауды мүлдем тоқтаттық. Себебі біздің өңірімізде қандай мамандар қажет болады, сол салаға қарай кадр дайындау жұмыстарын жүргіземіз. Биылғы жылы енгізейін деп отырған жаңа мамандықтарымыз – роботехника, мехатроника, ақпараттық қауіпсіздік жүйелері. Агрономия, балық шаруашылығы және тері-тон илеу жұмыстарына байланысты да жаңа мамандықтарды енгізіп отырмыз.  

Шөлейт аймақта ауызсу және электр қуатына тапшылық әсіресе жаз айлары байқалады. Биыл жергілікті жерде гидрогеология және жаңартылған энергетика саласында маман даярлау ісі қолға алынбақ. Жуырда 8 ұстаз Францияда тағылымдамадан өтіп келсе, тағы 20-дан аса оқытушы Түркияға аттанды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.