Жамбыл облысында 2 зауыт іске қосылды

Жамбыл облысында халықаралық экономикалық және инвестициялық форум басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мақсаты – аймақтың инвестициялық мүмкіндіктерін шетелдік кәсіпкерлерге көрсету. Іс-шара аясында облыста ауқымды 2 зауыт жұмысын бастап, тағы бірінің іргетасы қаланды.

Ауқымды цемент зауыты Қордай ауданының аумағындағы 50 гектар жерге салынады. Сингапурлық инвесторлар жобаға 50 млрд теңге бөліп отыр. Жоба іске қосылса, жылына 1 млн 200 мың тонна цемент шығарады. Құрылыс жұмыстарына 900 адам тартылса, кәсіпорын іске қосылғанда 400 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады.

Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысының әкімі:

- Тура осындай зауыт бізде қазір Мойынқұм ауданында жұмыс істеп жатыр. 1 млн 400 мың тонна цемент өндіріп жатыр. Жалпы ол республикада өндірілген цементтің 20% сол Жамбыл цемент зауытында шығарылып жатыр. Мынау зауыт іске қосылған соң, Жамбыл облысында Қазақстанда өндіріліп жатқан цементтің үлесі 35%-ке жетеді деп жоспарлап отырмыз.

Ал Байзақ ауданында ТМД елдерінде жоқ алғашқы гофрленген картон өндіру зауыты жұмысын бастады. Ерекшелігі: өнімді мәрмәрлі әктастан жасайды. Қаптама шығаратын кәсіпорын 2 млрд теңгеден асатын қаржыға салынған. Жылына 11 мың тонна өнім өндіреді.

Берік Үмітқалиев, «KAZSTONEBOX» ЖШС басшысы:

- Біздің зауытта шыққан картондар ылғалға төзімді әрі экологиялық таза, бағасы да арзанырақ болады. Жалпы біздің зауыт аймаққа пайдалы болмақ. Олай дейтініміз, 150-ге жуық жұмыс орын ашып, облыстық бюджетке жыл сайын 300 млн теңгедей салық төлейміз.

Дәл осы Байзақ ауданында құрама жем шығаратын зауыт ашылды. Мұнда құс пен төрт түлікке арналған жемнің 20 түрі шығарылады. Жалпы бүгінгі таңда облыста жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайтын ТОП-10 ірі инвестициялық жобалардың пулы жасақталған. Онда 4500-ге жуық жаңа жұмыс орнын құру жоспарда. 

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә.