Қызылордада электр желілерін жаңартып жатыр

Қызылордада жарық жиі сөнеді. Өйткені тозығы жеткен электр желілерінің сапалы әрі тұрақты тоқ өткізуге мүмкіндігі жетпейді.

Жел тұрып, жаңбыр жауса жарық жалп етіп өшеді. Әсіресе қаланың шет аймағы мен маңайдағы ауылдық округтердің тұрғындарына қиын. Көпжылдық мәселе «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында реттелмек.   Қазіргі таңда облыс орталығына қарасты 7 ауылдың 5-уінде электр желілері жаңғыртылып жатыр.

Қамбар Бекенов, тілші:

- Қаланың шеткі аймағындағы Жас Алаш көшесінің тұрғындары электр желілерін өздері тартып алған. Енді бүгінгідей желді күні олардан маза кетеді. Өйткені мына қылдай бөрене кез-келген уақытта құлауы мүмкін. Ал бұл құласа жарық сөнеді. Электр тоғы болмаса су ақпай, газ жанбай қалады дейді тұрғындар. 

Ақмаржан шағын ауданына қоныстанған 80-ге тарта үйдің барлығында электр жарығы сығырайып жанады екен. Оның өзі жиі өшкендіктен тұрмыстық техника қосуға қорқамыз дейді,-тұрғындар. 

БЛИЦ: 

- Светтің басқарма бастығына біздің қазандай өкпеміз бар. Себебі уәде берген келесі жылы саламыз деп. Сол күйі жүргізілген жоқ свет.  

- Тоңазытқыш істемейді, кір жуа алмаймыз машина да істемейді. Бір сөніп қалса мынау құлап сымдары үзіліп, 3-4 күн қараңғы үйде отырамыз. 

- Қала емес қазір далада тұрғандаймыз. Қонақ шақыруға ұяламыз ауданымызға. 

Ақмаржандықтардың мәселесі «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында шешімін табады. Қазір Қарауылтөбе ауылдық округі мен Бәйтерек шағын ауданына ірі электр реттегіш бекет салынып, жаңа бетон бағаналар қаз-қатар қойылып келе жатыр. Қарауылтөбедегі жабайы әдіспен жарық әкеліп алған 210 үйге талапқа сай 23 шақырымдық желі тартылып, 8 трансформатор қойылды. Бұл ретте көшелерді жарықтандырып алуға да мүмкіндік туып отыр.  

Еркін Ахетов, Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі:

- Желі біздің ауыл үстінен өтіп кетеді. Көрші Абай, Қосшыңырау ауылдық округіне барады да сол жақтағы басты подстанциядан алатын едік тоқ. Қазір Бәйтерек мөлтек ауданынан аламыз тікелей өзіміздің ауылда реттеуіш подстанция орнатты. Енді басқа ауылға электр желісінен тәуелділік болмайды.

Жалпы 2023 жылға «Ауыл - Ел бесігі» жобасы аясында Ұлттық қор мен облыстық бюджеттен 3 миллиард теңгеге жуық қаржы қаралып отыр. Оған Қызылжарма, Қарауылтөбе, Қосшыңырау, Қызылөзек, Ақсуат және Талсуат елді мекенінің 13 көшесіне электр желісі тартылып, 47 көше жарықтандырылады. 

Ғалымжан Еркебай, қала әкімінің орынбасары:

-  Сапалы электр энергиясын беруге және желді, жаңбырлы күндері кемшіліктерді болдырмас үшін жасалып жатқан жұмыстар. Сонымен қатар облыс әкімінің қолдауымен жыл басында бір 1,5 млрд теңге Қызылорда электр тарату тораптары мекемесіне бөлініп, қазіргі таңда қала ішіндегі трансформаторлар және желілер қайта жаңғыртуға тиісті жұмыстар жүргізілуде. 

Ауылды түлетуге арналған мемлекеттік бағдарлама аясында қала маңындағы Еңбек, Орбита және Сабалақ саяжайларының да инфрақұрылымы жаңартылып жатыр. 

Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев