«Хабар» Агенттігі» БАӘ-нен ақпарат таратады

Бұдан былай «Хабар 24» телеарнасы Біріккен Араб әмірліктерінен хабар таратады.

Ақпаратты Қазақстандық көрерменге жеткізу міндеті тәжірибелі журналист Бибігүл Нысанбаеваға жүктелді. 

Жалпы, парсы шығанағы аймағындағы жетекші мемлекет Қазақстан үшін маңызды стратегиялық серіктес. Инвестиция арқылы ықпалдаса даму мақсатымен биыл қос мемлекеттің алға қойған жоспарлары ауқымды.  

Жеті бірдей тәуелсіз әмірлік. Жер жаһанды өзіне қаратып, мұнай, туризм, инвестиция, қаржы, құрылыс, цифрландыру, ғарыш, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы , технология бір сөзбен айтқанда көп салада өздері ұнататындай ең, ең, ең дегенімен ерекше - Біріккен Араб Әмірлігі. Қазір біз оның астанасы АбуДабиден сөйлеп тұрмыз. Бұ жақта біздің елмен экономикалық та, саяси да, рухани, мәдени әріптестікке өте ұқыппен қарайды, мұқият.

2005 жылдан бері Әмірліктер Қазақстанға 3 млрд. АҚШ долларынан астам қаражат инвестициялады. Алыс-беріс, сауда айналымы жылдар өте тек нығайып отыр.

Ахмед Құдайбергенов, Қазақстанның БАӘ үшінші хатшысы:

- 2022 жылдың қорытындысы бойынша Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция 417 млн АҚШ долларын құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 27 пайызға инвестициялардың өскенін көрсетеді. Сонымен қатар, Әмірліктер мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 632 млн. долларды құрады. Оның ішінде Қазақстандық экспорт 550 млн доллар, импорт 72 млн доллар деңгейінде болды.

Елдер арасында бұдан да құнды ортақ ұстаным бар. Ол – толеранттылық, адами, ізгі қоғам құруға себеп болу. Араб Әмірліктері әлемде көпұлтты, мәдениетаралық және  дінаралық орталыққа айналуды көздейді. Қазірдің өзінде бұл елде 200 түрлі ұлттың өкілдері өмір сүруде, 10 млн-нан аса халық өзара тату.

Мұхаммед Камил Ал-Муайни, Халықаралық мәдени дипломатия институтының төрағасы:

- Өзара құрмет құндылықтары, адам құқықтарын сақтау, толеранттылық мәселелері біздің ел үшін аса маңызды. Және оны нығайта түсуге мүдделіміз. Қазақтанмен осындай ортақ құндылықтарымыздың болуы біздің байланысымызды одан әрі күшейтіп отыр. Биыл Әмірліктерде СOP 28 дүниежүзілік климаттық саммиті өтеді. Қазақстандық делегацияны құрметпен шақырып отырмыз. Мүддеміз ортақ болғаннан соң, климаттың өзгеруіне қарсы әрекет етудің жолдарын талқылаймыз. Бұл әлем үшін, адамзат үшін маңызды дүние.

Ал-Муайни Қазақстандағы өркениет аралық диалог пен өзара құрметке тәнті болған адам. Оның ізгі, толерантты қоғам қалыптастыру жөніндегі философиясы ойға азық. Әуелі көркем ой қалыптастырып білу, одан әрі оның қоғамға әсері мен тартымдылығын күшейте түсу, сосын «көпірлер» салу. Яғни, берік байланыстар құра білу. Айтқандай, байланыс туралы.

Мамыр айында Қазақстанның іскер азаматтары келіп, осы жерде өтетін Eurasian business forum -ға қатысады. Ал араб елінің бизнес өкілдері маусым айында Астанаға келуді жоспарлап отыр. Әмірліктер делегациясы Астана халықаралық форумына қатысып, Іскерлік кеңес отырысын өткізу мақсатымен бармақ.

Авторы: Бибігүл Нысанбаева