Шымкент қаласындағы жылу жүйелерінің 37% тозған

Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының өкілдері ішкі инженерлік құбырлардың дені 20 жылдан бері ауыстырылмай, әбден ескіргенін мәлімдеді.

Өйткені жыл да атқарылатын мардымсыз жөндеу жұмыстары жыртыққа жамау бола алмайды. Сондықтан көпжылдан кейін магистралды құбырларға гидрав-ликалық қысымдау жұмыстары басталды. Ал 120 градус ыстық температураға шыдас бермегені кезең-кезеңімен ауыстырылмақ.

Шымкенттегі жылу энергетикалық орталығында күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Мұндағы турбогенератордың бірі жаңғыртылып, үш бірдей жылу қазандығын жөндеуден өткізу жоспарланған. Өйткені стратегиялық маңызы бар нысандағы жабдықтардың 60 % тозған. Бұл жұмыстарға инвестор есебінен 1 миллиард 766 миллион теңге қаражат бөлінді.

Қайрош Оңғарбаев, энергоорталықтың бас директоры:

- Дер кезінде ақша салынбағандықтан көп нәрсенің тозығы жеткен болатын. Қазір жылдан-жылға инвестиция құйып, бәрін ретке келтіріп жатырмыз. Биылғы алға қойған жоспарымыз бойынша жұмыстарды бітіретін болсақ оны тағы 10% қысқартамыз тозуын.

Орталықтан шаһардағы шығын аудандардың бір бөлігі жылытылып, ірі кәсіпорындар қуат алады. Қасақана жылу беру маусымында қыс қаһарына мінді. Аязды күні тозығы жеткен құбырлардан ақау шығып, тұрғындардың көбі үй ішінде тоңып қалды.

Людмила Фирсик, қала тұрғыны:

- Біріншіден, күн суық болған кезде бірден жылу берілмеді. Содан кейін жылу темперетурасы өте төмен болды. Осы қыста ыстық батареяны мүлдем сезінбедік десек артық айтпаған болар едім.

Нина Дюкарева, қала тұрғыны:

- Бізге бұл жолы жылу жақсы берілді. Үйіміздің екі бөлмесіде ысыды. Көршілеріміз  батареядағы жылулық 17 градусқа дейін төмендеп кетті деп шағымданып жүрген. Ал біз де бәрі қалыпты болды.

Тұрғындардың екі ұдайы пікірде болуы бекер емес. Өйткені жылу энергетикалық орталығы ыстық суды бәріне бірдей таратады. «Тек кейбір көпқабатты үйдің ішкі инженерлік желісі жылу қабылдауға жарай бермейді»,-дейді мамандар.

Асқар Бөлешов, жылу жеткізуші кәсіпорынның бөлім басшысы:

- Магистралдық труба, ішкі орамдардың жылу жүйесі республикалық, жергілікті бюджеттен қамтамасыз етіледі. Алайда бұл жерде туындайтын мәселе үйлердің жертөлесінің мәселесі болып тұр. Құбырлар, тік құбырлары, жатық құбырлары, элеватор құралдарының бәрі тозығы жеткен.

Салаға жауаптылар тұрғындардың өзі ішкі желілерді жөндеуден өткізсе, үйдегі жылу да қалыпты деңгейде болатынын айтады. Өйткені биыл магистралды құбырлар ауыстырылып, ішкі орамдық желілердің көбі жөндеуден өтеді. Ол үшін бюджеттен 6 миллиард 300 миллион теңге қаралған. Оның тең жартысы жергілікті қазынадан бөлінді.

Мақсат Ердембеков, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы:

- Шымкент қаласында 2 магистрал бар. Солтүстік магистрал және оңтүстік магистрал. Ол ТЭЦ -3 шығатын магистрал. Ол магистралдарды осы 14-сәуір айының ортасында температурный испытание дейді. Сондай жұмыстарды өткіздік. Ол құбырлардың солтүстігі жақсы өтті. Оңтүстік құбырынан бір ақау шықты. Оны істеп, дұрыстап жөндеп қойдық. Енді қазір қысым тексеру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Алайда әлі де 190 шақырымды құрайтын жылу жүйесі жөндеуді талап етеді. «Әзірге бұл тозығы жеткен құбырлардың қашан ауыстырылатыны белгісіз. Ал жылуды жабдықтау мен оны таратушы мекеме арасындағы берешек 1,5 миллиард теңгеге жетті. Оның тең жартысы жеке және заңды тұлғалардың қордаланып қалған қарызы. Ал қалған бөлігі орталықтан тұтынушыға жеткенше төмендеп кеткен жылу температурасының шығыны»,- дейді мамандар.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы