Президент: Әрбір азамат өз сөзі мен әрекеті үшін жауап беруге тиіс

Әрбір азамат өз сөзі мен әрекеті үшін жауап беруге тиіс.

Эмоцияға бой алдырып, алауыздық пен өшпенділіктің жетегіне еруге болмайды. Мемлекет басшысы осыны ескертті. Бірлік болмаса бәрі бекер екенін айтты.

Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі – саясаттағы стратегиялық бағыт болып қала береді. Бұл өзгермейді. Тілді үйренем дегенге кедергі жоқ.

Виктория Макрусова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Аудандарда да мем тілді оқытуға орталықтар ашылған. Бұл орталыққа келіп халық мем тілді тегін үйрене алады.

Бұл блогер Иван Червинский. Бүгін Президенттен алғыс хат алды. Димаш арқылы қазақтың кеңдігін таныған. Қазір ұлт мәдениетін дәріптеп жүр.

Иван Червинский, блогер:

- Ел болам десең бірлігіңе бекем бол! Әсіресе қазір. «Ұлт» деген тақырып ұстараның жүзіндей. Артық сөйлеуге болмайды. Мемлекет басшысы да этноәлеуметтік шиеленістің шығу себептерін жою үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Жұлдызай Ысқақова, саясаттанушы:

- Этносаралық қатынаста мемлекеттік саясатты жүргізу зерттеулерге негізделуі керек. Әр аймақтың өзіндік ерекшелігі бар. Әкімдіктер, президент әкімшілігі мемлекеттік саясатты жүргізуде нақты зерттеулерді басшылыққа алғаны жақсы. Жалпы соңғы уақытта  ассамблеяның рөлі күшейіп жатқанын аңғаруға болады.

Юсуп Келигов, "Вайнах" шешен-ингуш қауымдастығының төрағасы:

- Біз өскелең ұрпаққа татулық пен бейбітшілікте өмір сүру қаншалықты маңызды екенін ұғындыруымыз керек. Себебі, онсыз болашағымыз бұлыңғыр. Иә, басқа да экономикалық мәселелер баршылық. Бірақ, ең басты байлық, бұл – бірлік.

Тату елге тақсірет жуымайды деген. Сондықтан Мемлекет басшысы бірлігімізді күн сайын бекемдеп отыруымыз қажет деді. Өзара келісім халқымыздың өмір салтына айналуға тиіс.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы