Квазимемлекеттік сектордағы құжат айналымында мемлекеттік тілдің үлесі артып келеді

Тіл саясаты комитетінің мәліметінше, кейінгі уақытта өсім бар. Мәселен, биылғы жылдың І тоқсанында тіл қолданысы 73 пайызды еңсерді.

Тіл саясаты комитеті құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің қолданысына тұрақты түрде мониторинг жасайды. Биыл 34 мемлекеттік орган, 20 жергілікті атқарушы орган, 22 ұлттық компания қамтылды. Былтыр қазақ тілінің үлесі небары 36 пайыз болса, биылғы жылдың І тоқсан қорытындысында 73 пайызды көрсетті. Мамандардың айтуынша, бұл – әдістемелік семинарлардың нәтижесі, тығыз байланыстың жемісі.

Қайыржан Рахымжанов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы:

- Кедергі болған уақытта, көп компанияларда шығыс құжаттарының ілеспе хаттары, мынау, «сопроводительное» письмо деп айтамыз ғой орысша, сонысын қазақша жазады да, оған тіркелетін қосымшаларды орысша тіркейді. Бұл толыққанды мемлекеттік тілдегі құжат болып саналмайды. Сол себепті біз ұлттық компанияларға бүгінгі семинарымызда да айтып отырмыз, мемлекеттік тілдегі құжат толығымен, ілеспе хаты да, оған тіркелетін қосымшалары да, барлығы мемлекеттік тілде болуы керек.

«KEGOC» компаниясы рейтингте қарышты қадам жасады. Компанияда ай сайын мониторинг жасалады. Нәтижесінде, құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі 85 пайызды межеледі. Сондай-ақ, кәсіпорын қызметкерлері мемлекеттік тіл курстарына тұрақты қатысады. Былтыр 372 қызметкер қазақ тілін меңгерді. Ал биыл 515 қызметкерді оқыту жоспарда тұр.

Жаңабай Бексары, «KEGOC» АҚ әлеуметтік-еңбек қатынастары және жұртшылықпен байланыс жөніндегі басқарушы директор:

- Компанияда мемлекеттік тіліміз, яғни, қазақ тілінің мәртебесін жоғары көтерудегі басшылықтың көзқарасы өте ерекше. Яғни, басшылардың көбісі кейбір өндірістік техникалық кеңестерден бөлек, жиналыстарды, басқосуларды қазақ тілінде өткізуге тырысамыз.

Сонымен қатар, компания «Мемлекеттік тілде іс жүргізу» әдістемелік құралын әзірледі. Бес мыңнан астам техникалық терминдер сөздігін құрастырды. Алдағы уақытта қазақ тілі аясын кеңейтуге күш салмақ.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Асхат Қарақойшиев