Алдағы 2 жылда Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей әуе рейстері қатынайды

Бүгін Алматыда Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстанның авиация өкілдерінің қатысуымен авиациялық қауіпсіздікті үйлестіру тобының бірінші отырысы өтті.

Басқосуда Қазақстаннан Америка Құрама Штаттарына ашылатын тікелей рейстер сөз болды. Бұл жоба алдағы екі жылда жүзеге асады деген жоспар бар. Жиынға қатысушылар, АҚШ-тың авиация әкімшілігіне өтінім бермес бұрын еліміз ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізуі керектігін айтты.

«Авиациялық қауіпсіздік» ұғымы ең алдымен жердегі инфрақұрылымға қатысты. Бұл - әуежайдағы қауіпсіздік, лаңкестікке қарсы қорғаныс, жалпы, тұтастай алғанда жерде қызмет көрсететін құрылымдардың қалыпты жұмыс істеуі. Ал «ұшу қауіпсіздігі»  бұл әуедегі қауіпсіздікті қамтиды. Бүгінгі таңда Қазақстандағы авиациялық қауіпсіздік айтарлықтай жоғары деңгейде. Алайда, әлемдегі геосаяси жағдайды ескерсек, бейіндік құрылымдардың алдында жаңа міндеттер тұрғаны анық.

Талғат Ластаев, ҚР азаматтық авиация комитетінің төрағасы:

- Америка тарапы авиациялық қауісіздік мәселесін өте жоғары бағалайды. Сол себептен Орталық Азияда мынадай жиналыс өткізіп, бір бірімізбен қандай жағдайда жұмыс істеп жүрміз, қандай проблемалар бар, қандай жетістіктер бар, соны арамызда талқылап, пікірімізді айтып көрсетіп, бір нәтижеге келу үшін. Негізі мына жиналыстың үлкен бір арғы мақсаты бар мына авациялық қауіпсіздік тобының үстінен тағы да бір үлкен Орталық Азияның арасында бірігіп бүкіл мемлекетті біріктіріп ИКАО филиал ашу деген ой бар.

Мұхит асатын тікелей рейс ашу үшін ең алдымен қазақстандық әуе компанияларының бірі тиісті өтінім беруі керек. Өтінімді АҚШ авиациялық әкімшілігі қарастырады. Одан кейін көлік қауіпсіздігіне жауапты тағы бір америкалық ұйым Қазақстанның екі әуежайына – Астана мен Алматыдағы әуежайларға аудит жүргізеді. Айта кету керек, осы құрылым мамандары Қазақстанға екі рет келіп,  еліміздің авиациялық жұмысы туралы бағалау есептерді дайындады. Келесі жылдың соңына дейін өтінім беруге болады.

Каталин Раду, "Қазақстан авиациялық әкімшілігі" АҚ бас директоры:

- Біз 2024 жылдың басына дейін барлық нормативтік базаны дайындауды жоспарлап отырмыз. Аудиттен өтуге және осы рейстерді ашуға дайынбыз. Сонымен қатар, тиісті талапқа сай ұшақ болуы керек. Бұл әуекомпаниясының өтініміне тікелей байланысты. 

Авиациялық қауіпсіздікті үйлестіру тобына Орталық Азияның төрт мемлекеті мен Кавказ аймағының екі елінің өкілдері кірді. Егер ынтымақтастық табысты болса, біздің еліміз осы елдер тобын Халықаралық азаматтық авиация ұйымында көрсету мүмкіндігіне ие болады. ICAO ұйымына бүгінде әлемнің 190 елі мүше. Аймақтық топтар өздерінің коммерциялық авиациясын дамыту үшін ICAO шешімдеріне ықпал ете алады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко, Радик Джакупов