Дінаралық келісім- бейбітшіліктің кепілі

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары 7-ші Cъезінің маңызы Ыстамбұлда өткен арнайы жиында талқыланды.

Сарапшылар бүгінгі сан құбылған әлемде дінаралық татулықты ту еткен Қазақстан бастамаларын үлгі етті. 

Дінаралық келісім- бейбітшілік кепілі. Қазақстанда дәстүрге айналған Әлемдік діндер съезінің орны ерекше. Назарбаев орталығы мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығының ұйытқымен өткен шараға АҚШ, БАӘ, Бразилия, Катар, Түркия, Пәкістан мен Үндістанның алдыңғы қатарлы дін саласының өкілдері келді.

Болат Сәрсенбаев, Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасы:

- Қазақстан 20 жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндердің съезін өткізіп келеді. Бұл қарапайым жиын емес, бұл дінаралық диалог ұсынатын керемет алаң. Съезде көтерілген ауқымды мәселелерді осылай шетелдік сарапшылармен талқылап, жүзеге асыру жайын пысықтап отырамыз. Біз осы съезд арқылы бүкіл әлемге Қазақстанның қандай бейбіт саясат ұстанатынын және бағытының айқын екенін көрсетеміз.

Басқосуда Астанада өткен жетінші діндер съезінің 35 тармақтан тұратын Декларациясында көтерілген мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы татулықты сақтау мәселесі өте маңызды екені айтылды. Сондай-ақ, сарапшылар Қазақстанның дінаралық диалогты ілгерілету жолындағы күш-жігерін жоғары бағалады

Шыңғыс Томар,  "Ircica" зерттеулер және басылымдар жетекшісі:

- Біз үшін мұндай жиналыстар өте маңызды. Біріншіден саясаткерлер- біздің ұстаздардың, дін адамдарының, профессорлардың діни салада толеранттық қалай болу керек деген сұрақтарға пікір алу керек. Осындай жиындар алдағы іс- қимылды жоспарлау және мәселелер шешуде маңызы.

Ибрагим Салех Әл-Наими, дінаралық диалог жөніндегі Доха орталығы төрағасы:

- Бұған дейін 3 съезге де қатысқан едік. Бүгін жиын маңызды. Әртүрлі діни көшбасшылардың бас қосып, қазіргі мәселелер бойынша пікір алмасуы үшін үлкен мүмкіндік. Әлемдік бейбітшілікті орнату тұрғысынан маңызы зор.

Шара соңында Әлемдік діндер съезінің декларациясына сай түрлі елдерде тақырыптық жиындар өткізу ұсынылып, мақұлданды. Шара барысында орталықтар арасында өзара ынтымақтастық жөнінде мемарандумға қол қойылды.