Парламент депутаттары ғылымды қаржыландыратын меценаттарға жеңілдік беруді ұсынды

Ғылымды қаржыландыратын меценаттарға инвестициялық жеңілдік беру қажет.

Парламент депутаттары осындай ұсыныс білдіріп отыр. Ал Қаржы министрлігінің өкілдері: «салаға серпін беру үшін ғылыми зерттеулерге қаржы құятын компанияларға салықтық жеңілдік қарастырған жөн», - дейді . Сондай-ақ, ғалымдардың жалақысына үстеме қосу жоспарда бар. Ғылым кандидатына қазір 17 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленсе, алдағы уақытта 25 айлық есептік көрсеткішке дейін артпақ. Ал профессор дәрежесі барларға 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосылады. Ведомствоаралық комиссия салық және бюджет кодекстеріне енгізілетін түзетулерді де талдады. "Мемлекеттік сатып алулар" туралы заңнаманың өзгерістерін сараптады. Мәселен, байқау процедураларын толық автоматтандырып, іріктеу мерзімін қысқарту ұсынылып отыр. Оған қоса, тауар не қызметті жеткізіп берушілерді іріктеудің алғышарты да өзгермек.

Дәурен Кеңбейіл, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Қазір олардың жұмыс тәжірибесі мен төлеген салықтарына ғана қараймыз. Ал жаңа заң қабылданған кезде сапалық сипаттаманың аясы кеңейеді. Яғни, қолданыстағы деректер қорынан сұратқан мәліметтерді негізге алып, олардың өзге де көрсеткіштерін бағалайтын боламыз. Енді байқау  жеңімпазын анықтаған кезде, төмен баға басты талап болмауы тиіс.