Алматыда гинекологиялық қатерлі ісікті емдеу тәсілдері талқыланды

Қазақстанда әйелдердің жатыр мойны обыры сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл сайын елімізде 2 мыңға жуық әйелден қатерлі ісіктің осы түрі анықталады. Италия, Түркия, Грузия, Испания, Австралия, Ұлыбританиядан келген 300-ден астам онколог маман Алматыда бас қосып, гинекологиялық ісіктерді емдеудің заманауи тәсілдерін талқылады.

Алқалы жиынның алғашқы отырысы жатыр мойны обырына арналғаны бекер емес. Себебі Қазақстан қатерлі ісіктің осы түрі бойынша әлемде алдыңғы топта. Соңғы зерттеулер нәзік жандылар арасында жатыр мойны обырының «жасарғанын» көрсеткен.

Райхан Болатбекова, Алматы онкология орталығының бөлім меңгерушісі:

- 10 жыл бұрын жатыр мойны обыры көбінесе 50 жастан асқан әйелдерде пайда болатын. Бірақ бүгінгі күнге регистр бойынша, біз айта аламыз, жатыр мойнының обыры жасарып бара жатыр. Бүгінгі күнде 40-тан асқан әйелдерде пайда болатын болды.

Жатыр мойны обырының пайда болуына көп жағдайда адам папиллома вирусы себеп болады екен. Сондықтан дерттің алдын алу маңызды. Ең тиімді жолы – вакцина, - дейді мамандар. Бұл екпеге қатысты қоғамда қайшы пікірлер көп. Алайда дәрігерлер екпе вирустың қауіпті деген 9 түрінен қорғайтынын айтады.

Парта Басу, ДДСҰ скрининг тобының жетекшісі:

- Вакцинаның қыздардың денсаулығына, олардың бала туу қабілетіне кері әсері жоқ. Ол 100% дәлелденген. Бұл вакцинация әлемде 15 жыл бойы жүргізіліп келеді. Асқыну жағдайлары тіркелмеген. Бүгін мамандар вакцинаның қатерлі ісіктің алдын алудағы нәтижесімен бөлісті. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жатыр мойны обырының алдын алу мақсатында 9-14 жас аралығындағы қыздарды вакцинациялауды ұсынады. Қазіргі уақытта әлемнің 90-ға жуық елі аталған екпені өздерінің ұлттық иммундау бағдарламасына енгізген. Ал Қазақстанда жасөспірім қыздарға адам папиллома вирусына қарсы екпе жасауды 2024 жылы бастау жоспарланған.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев.