Шымкентте «Найза-антитеррор-2023» жедел-тактикалық жаттығуы өтті

Шымкент қаласында «Найза-антитеррор-2023» жедел-тактикалық оқу-жаттығу жиыны өтті.

Ауқымды шара күштік құрылымдардың терорризмге қарсы жүргізілетін арнайы операцияларын пысықтап, жауынгерлік даярлығын арттыруға бағытталған.

Қала іргесіндегі далалық оқу орталығына жиналғандар үшін бұл ең ауқымды және маңызды шараның бірі. Сондықтан ел тыныштығы үшін қызмет етіп жүрген сарбаздар бар шеберлігін көрсетіп, өзара тәжірибе алмасады. Өткен жылы Президент жарлығымен, Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен құрылған «Арнайы операциялар күштері» жедел-тактикалық оқу-жаттығуға алғаш рет қатысты. 

Ұлықбек, №36-814 әскери бөлімінің арнайы операциялар күштерінің командирі:

- Мен үшін бұл бірінші жаттығу емес жеке басыма. Бірақ мен басқарып отырған әскери бөлім бірінші рет осындай оқу-жаттығуға қатысып отыр. Жаттығу деген ол әрбір әскери адамның кәсіби беделін жоғарылатады. Жақсы бір сөз бар ғой. «Алаң ол жауынгер үшін – академия». Бұл жерде көптеген жаттығулар, көптеген тәсілдер үйренеді. 

«Арнайы операциялар күштері» шекарашылармен бірлесіп, кеденді заңсыз кесіп өтпек болған терорристік топтың әрекетін тоқтатуы керек. Оларға әуе қорғаныс күштері де көмекке келді. 

Осылайша күштік құрылымдар бірлесіп, мұздай қаруланған лаңкестік топтың жолын кесті. Шекараны бұзғандар аз уақытта қоршауға алынып құрықталды. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Күштік құрылымдардың қауқары сыналатын оқу-жаттығу жиыны түрлі сценарий желісі бойынша өрбіп жатыр. Мәселен, баскесерлер мына ғимаратқа бекініп, сондағы қызметкерлерді кепілге алды. Ал оларға арнайы жасақ жауынгерлері бірігіп, батыс тойтарыс беруге тиіс. 

Келіссөзден ортақ мәміле болмағасын тероршылар бекінген бекініске де арнайы операция жүргізілді. Ұрымтал тұстан ұтқыр шешім қабылданып, жылдам шабуыл жасалды. Нәтижесінде техникасы мен тәжірибесі толысқан қарулы күштің жоспарлы әрекеті сәтті өтті.

Сергей Швейкин, ҚР ҰҚК Антитеррорлық орталығының бастығы:

- Біз барлық мемлекеттік органға қарасты арнайы бөлімшенің қарулы күші мен құралдарын біріктірдік. Яғни ҰҚК мен ІІМ-нің арнайы бөлімшелері, Ұлттық ұлан, Мемлекеттік күзет қызметі, Қорғаныс министрлігінің жаңадан құрылған арнайы операциялар күші де бар.

Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штаб оқу-жаттығуға оң баға берді. Күштік құрылымдардың үйлесімді әрекетін жоғары бағалап, белсенділігімен көзге түскен сарбаздарды марапаттады. Ал террористік сын-қатерлерді уақытылы тойтаруға қосымша шаралар қарастырылатынын мәлімдеді. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы