«Ертіс –Успен» су арнасының құрылысы басталды

Павлодар облысында жаңа су арнасының құрылысы жүріп жатыр.

Бұл жоба осыдан үш жыл бұрын басталып, пандемияға орай жұмысын тоқтатқан еді. Жуырда маңызды құрылыс қайта жанданды. Мердігерлер оны келер жылы іске қосамыз деп отыр. Жақын күндері оның құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады. Одан кейін мамандар электрмен жабдықтау ісіне кіріседі. Нысанның ең қымбатқа түскен бөлігі 13 шақырымдық монолитті-бетон магистралі. Ол  10 мың гектар егіс алқабын суарады. Бұл ауыл шаруашылығы үшін теңдессіз жоба. Суармалы егіс алқаптарын арттыра отырып, аграрлық сектор жалпы ішкі өнімді 30 миллиард теңгеге жеткізбек.

Әділбек Шапатов, Қ. Сәтбаев атындағы канал  директорының орынбасары:

- «Ертіс –Успен» каналын қалпына келтіру ісі бес кезеңнен тұрады. Бірінші кезең ол каналды бірінші аванкамераға жеткізу. Бүгінгі таңда су арнасы  түсетін жолдарды ағаштардан тазарттық. Түбін ретке келтірдік. Бұқтырмадан су босатылған соң су арнасын тазартумен айналысамыз. Бұл жұмыстар мамыр айының аяғына жоспарланған. Тамыз айында бірінші кезеңін толық аяқтаймыз.

Есентай Мұсалимов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Жаңа су арнасының бойында 40 шақты шаруа қожалығы құрылады. Ол 52 жер телімі. Павлодар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 8 жер учаскесін бөліп отыр. Негізгі басымдық қант қызылшасына беріледі.  Өнім болашақ қант зауыты үшін   шикізат қоры болмақ.