Бас прокуратура «Өзенмұнайгаз» тендерлерін тексереді

Бас прокуратура орталық аппаратының тәжірибелі қызметкерлерінен құралған жұмыс тобы Маңғыстау облысына барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Комиссия «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы өткізген тендерлердің заңдылығы мен ашықтығын тексереді. Мердігер ұйымдар бұған дейін бірнеше рет осы мәселені көтерген еді. Олар еңбек жағдайының нашарлауы мен жалақының төмендеуін осы тендерлермен тікелей байланыстырған. Енді комиссия «Өзенмұнайгаздың» қаржы-шаруашылық құжаттамасы, сатып алудағы заң бұзушылықтар немесе сыбайлас жемқорлыққа қатысты жайттар болған жоқ па, соны зерттемек.

Сонымен бірге Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына да талдау жасалады. Талдауда инженерлік инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысы, кәсіпкерлік пен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, денсаулық сақтау саласындағы мәселелер қамтылады.