Астанада ата-аналар мектеп аумағын көгалдандыруға атсалысты

Елордаға қарасты «Үркер» тұрғын алабында «Әкелер аллеясы» пайда болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кемел Әкішов атындағы №69 мектеп-гимназия ата-аналарының қамқоршылық кеңесі бастама көтеріп, терек, қарағай, үйеңкі ағаштарын екті. Мақсат – балаларға үлгі көрсете отырып, туған өлкені көркейтуге атсалысу.

Мектеп аумағын көгалдандыруға әкелер қауымы қатысты. Сауапты іске 130-дан астам отағасы уақытын бөліп, атсалысуға келіскен. Әкелерінің өнегелі ісін көріп, оқушылар қоршаған ортаны аялауға үйренеді, - дейді іс-шараны ұйымдастырушылар.

Бақытжан Оразымбетұлы, ата-ана:

- «Бір тал кессең, он тал ек» деген қазақтың сөзі. Тал егіп тұрамыз. Үйде де, ауылда да ектік, осы жерде де егеміз.

Әсел Оспанова, ата-ана:

- Шие ағашы, осындай шие сияқты қызыл. Жайқалып, жемісін бере берсін. Мектебіміз де көркейе берсін, осында жақсы-жақсы балалар шыға берсін, білікті мамандар шыға берсін!

Ата-аналар «ұрпақ сабақтастығы осындай үлгі боларлық сауапты іс арқылы сақталады» деген пікірде. Бүгін олар балаларымен бірге жөке, үйеңкі, терек, қарағай және шие ағаштарын отырғызды.

Жұлдыз Рахметова, К. Әкішев атындағы №69 мектеп-гимназияның директоры:

- Мектептің ауласына 131 тал отырғызылды бүгінгі күнде. Енді оны жаз бойы біздің оқушылар баптап, өсіреді. Ата-аналарды шақырып тұрамыз. Бізде әр ай сайын әкелер форумы өтіп тұрады. Аналар форумы, әкелер форумы. Ондағы мақсат – мектептің қоғамдық өміріне атсалысу.

Астанада «Жасыл қала» экологиялық айлық өтіп жатыр. Қалалық әкімдік ұйымдастырған сенбілік пен ағаш отырғызуға 62 мыңнан астам тұрғын қатысты. Осылайша, шаһардың 3 млн шаршы метрден астам жері тазартылып, мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Нұрлан Майгелдинов.