Астаналық оқушылар Наурыз мейрамын ұлықтауды жалғастырды

Наурыз мерекесі әлі де жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолғы тойды елорданың ең кішкентай тұрғындары ұйымдастырды. Оқушылар мен ұстаздар ата-аналарымен бірге дастархан жайды. Ұлттық салт-дәстүрді көрсетті.

Ерлан Шаншархан, тілші:

- Мұнда оқушылар мен ұстаздардың қатысуымен қазақтың ұлттық ойындары, ұлттық тағамдары мен ұлттық салт-дәстүрлері көрініс тапқан. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты – наурыздың тарихын, ұлттық дәстүрімізді насихаттау.

Мерекеге орай әуелеп ән шырқалып, күй тартылды. Мың бұралып билеген балалардың биі де жұртшылықтың көңілінен шықты. 

Азамат Салин, ата-ана:

- Бүгін 6 киіз үй арасында мерекелік іс-шара өтіп, әртүрлі ойындар ұйымдастырылып жатыр. Осындай жас жеткіншектерімізге Ұлыстың ұлы күнін насихаттау мақсатында осындай кереметтей іс-шара ұйымдастырып жатырмыз.

Айжан Исмаилова, мектеп директоры:

- Көктем айы – жаңару. Сондықтан барлық сыныптарымыз ағаш егу акциясы бойынша өз үлестерін қосып, 200-дей түп ағаш отырғызылды. Бұл жерде  негізгі мақсатымыз – Наурыз мейрамын ұлықтау.

Наурыз – көнеден келе жатқан мереке. Қыстан аман шыққан халық осы мейрамды асыға күтеді. Осы орайда аталмыш білім ордасы ұлық мерекені атап өтуді дәстүрге айналдырған. Мерекеде балалар өздерінің өнерлерін ортаға салып, келген қонақтарға мерекелік көңіл күй сыйлады.

Бағым Жарқынқызы, оқушы:

- Бір түйір ірімшікті тауып алып,

Ағашқа қарға қонды ұшып барып.

Тоқ санап ірімшікті көңіліне,

Жей қоймай отыр еді ойға батып...

Ұлық мерекені мектеп қабырғасында атап өтудегі басты мақсат салт-дәстүр, наурыз құндылықтарын дәріптеу болатын. Ал мектеп мұғалімдерінің сөзіне қарағанда, балалар әр мерекеге белсене қатысып, ерекше дайындалады.

Авторлары: Ерлан Шаншархан, Серік Қоңырбаев.