Алматыда «Көктем көркі – қызғалдақ» фестивалі өтті

«Көктем көркі – қызғалдақ». Алматыда осындай атаумен дәстүрлі фестиваль өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқушылар сарайына қарасты экология-биология орталығы ұйымдастырған іс-шара барысында жасөспірімдер елде өсетін көктемнің алғашқы гүлдерімен танысып, түрлі шеберлік сабақтарына қатысты.

Қазақстан – қызғалдақтың отаны. Көздің жауын алатын бұл ерекше гүл біздің жерімізден Түркия арқылы Голландияға жеткізілген, - дейді мамандар. Қазақстан аумағында Грейг, Регель, Колпаковский деп аталатын жабайы қызғалдақтардың 39 түрі өседі. 18 түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген. Экологиялық-биологиялық орталықта да сирек кездесетін қызғалдақ түрлері өсіріледі.

Индира Құралбаева, Экологиялық-биологиялық орталықтың бөлім меңгерушісі:

- Біздің қызғалдақтардан басқа бізге арнайы аумақ бөлінген, сол аумақта Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген Альберт қызғалдағы, Регель қызғалдағының бірнеше пиязшығы бар. Осыларды балаларға көрсетіп, сақталу жолдарын үйретіп жүрген жайымыз бар.

Мамандардың айтуынша, табиғи ортада жабайы қызғалдақтың өсіп жетілуі үшін 17 жыл уақыт керек. Сондықтан далада, табиғат аясында өсіп тұрған қызғалдақты көздің қарашығындай сақтау маңызды. Мұны өскелең ұрпақтың санасына сіңіру қажет, - дейді фестиваль ұйымдастырушылары.    

Әділбек Болат, шараның ұйымдастырушысы:

- Іс-шарамыздың мақсаты – осы өсіп келе жатқан балапандарымыздың және қала тұрғындарының отанға, табиғатқа және осындай қызғалдақ және басқа да гүлдерге деген сүйіспеншілігін арттырып, оларды бағалап өсіруге үйрету. Оларға сүйіспеншілікпен қарау деген мақсатта жасалып жатыр.

«Көктем көркі – қызғалдақ» фестивалі аясында жасөспірімдер гүл шоғын жасаудан шеберлік-сабағына қатысып, флористикалық костюмдер конкурсына, қызғалдақтың суретін салу, ән мен би байқауында бақ сынады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов.