Қызылорда халқы темір жолдан өтетін көпірді көбейтуді сұрап отыр

Қызылорда облысында 2017 жылдан бері темір жол бойында 30-ға жуық адамды пойыз қаққан.

Шойын жолдың белгіленбеген жерінен өту заңға қайшы болғанымен тұрғындардың көбі қауіпті төте жолды үйреншікті бағыты қылып алған. Осы орайда сырбойылықтар қаланы қақ жарған қос рельсті магистраль бойынан жерасты немесе жолүсті бірнеше өткел керек деп отыр.

50 мыңдай тұрғын қоныстанған Шаңқай шағын ауданы мен қала орталығын байланыстыратын төте жол болғандықтан ескі темір жол өткелінен адам үзілмейді. Арнайы бекет болмағандықтан жүрдек пойыздар жылдамдығын бәсеңдетпей өтеді.   

БЛИЦ

- Күніне 2 рет өтемін былай қарай бір, былай қарай бір. Балаларға қауіпті. 

- Қорқынышты, мына жерде пойыздар тұрады. Астынан өтеміз.

- Бұрында болған мына жерде өткел. Жауып тастады ғой. Қазір жүрдек пойыз жүрсе кішкентай балаларды қағып кетеді ғой. Сондықтан керек көпір.

Жергілікті жұрт аспалы және тесік көпір атап кеткен өткелдердің арасы ондаған шақырым болғандықтан «КБИ» шағын ауданының тұрғындары да темір жолды әр жерден кесіп өтеді. Желілік ішкі істер бөлімі мен ювеналды полиция және жол дистанция қызметкерлері тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізеді. Әсіресе құлаққап таққан жүргіншілерге ескертулер жиі жасалады. Тіпті өткен жылы белгіленбеген жерден өткені үшін мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Дегенмен халық талапқа сай көпір болмағандықтан үйреншікті сүрлеумен тіке тартады.   

Қамбар Бекенов, тілші:

- «Шұғыла» мен «КБИ» шағын аудандарын жалғайтын мына жабайы өткелмен күніне мыңнан астам адам өтеді. Олардың басым бөлігі оқушылар. Соңғы 5 жылда осы жерде 7 қайғылы жағдай тіркелген. Сондықтан осы маңнан жаяу жүргіншілер көпірі салынатын болып шешілді.

Жеңісбек Файзуллаев қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Құрылыстың ұзақтығы 4 ай, тиісті 325 млн тг бөлінді. Мердігер мекеме анықталды. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Көпірде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған көтеру қондырғысы 2 жақ беттен орнатылатын болады жобаға сәйкес.

Жыл басында 10 рельс кесіп өтетін Белкөл кентінде ұзындығы 105 метрлік жаңа көпір пайдалануға берілген болатын. Темір конструкциялы өткелдер қаланың бірнеше тұсынан салынады.

Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев