Ақтөбе облысында өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдері ел дамуына үлес қосып жүр

Ақтөбе облысында тату-тәтті өмір сүріп жатқан ұлт өкілдері әр салада еңбек етіп, ел дамуына өз үлесін қосып жүр.

Олар елдегі бейбітшілік пен тыныштықты нығайту әркімнің парызы деп санайды.

Олег Свет ақтөбеліктер арасында зор құрметке ие педогогтардың бірі. Ұлты орыс болса да соңғы 30 жылдан астам уақыт бойы қазақ тілі пәнінен сабақ беріп жүрген ұлағатты ұстаз. Осы уақытқа дейін қазақ және орыс мектептерінде қызмет етіп, жүздеген шәкірт тәрбиелеген. Бірқатар оқу-әдістемелік құралдардың авторы тіл мен білімнің сапасын арттыру барша ұлтты біріктіретін басты бағыттың бірі екенін айтады.

Олег Свет, мұғалім:

- Бізге бірлік керек. Ал бірлік болу үшін бізге аянбай еңбек етуіміз керек. Өзіміздің білімімізді, өзіміздің алған тәрбиемізді сол көпұлттылыққа деген ниетімізді біз халыққа көрсетуіміз керек, жастарға үйретуіміз керек. Жастарды сол бағытта тәрбиелеуіміз керек. 

Кәсіпкер Әзер Гасановтың да басты ұстанымы осы. Мәртөк ауданында туып-өскен ол бірқатар этностың ұлттық тағамын әзірлеуді әбден меңгерген. Ауылдан ашқан дәмханасында қазақтың еті, өзбектің палауы, әзербайжанның долмасы, ұйғырдың лағманы секілді тамақтың түр-түрін дайындап кәсібін дөңгелетіп отыр. Ауылдық кәсіпкер елдегі татулық пен ынтымақ баға жетпес байлық деп санайды.

Әзер Гасанов, Мәртөк ауданының тұрғыны:

- Біздің районда бәрі националистер бар. Неміс бар, орыс, украин. Бәріміз дос жан-жағымен. 

Ұлтаралық татулыққа елеулі үлес қосып жүргендердің ішінде украиндердің "Оксана" орталығы өкілдері де бар. Әсіресе жуырда ширек ғасыр болған халықтық қоры бүгінде ақтөбеліктерге жақсы таныс. Бірнеше тілде ән айтып, өнер көрсететін ұжымсыз аса маңызды шаралар да өтпейді. 

Любовь Нешко, "Оксана"  этномәдени бірлестігінің мүшесі:

- Қазақстан көп ұлтты мемлекет. Мен осында туып өскендіктен, тұрғылықты халықтың салт-дәстүрімін бойыма сіңіріп өстім. Мұнда тек өте жақсы адамдар тұрады. 

Бүгінде Ақтөбеде Қазақстан халқы Ассамблеясында қызмет ететін 16 этномәдени бірлестік бар. Әрқайсысының ұлттық болмысты сақтап дамытуына барлық жағдай жасалған. Ал мыңдаған мүшелері әр салада еңбек етіп, ортақ отаны – Қазақстанның гүлденуіне өзіндік үлес қосып келеді. 

Гүлзат Шахабаева, "Қоғамдық келісім" КММ директорының орынбасары:

- Облыстағы Ассамблея жанында этномәдени бірлестіктермен қатар құрылымдар қызмет атқарады. Олар отбасындағы, қоғамдағы ұлттық құндылықтарды сақтау, салт-дәстүрді сақтау мақсатында, жастарға тәрбие беру мақсатында ақсақалдар мен аналар кеңесі, сонымен бірге былтырғы жылдан бастап бізде Ассамблея жастарының осы облыстық деңгейде өкілдігі ашылды. 

Бүгінде бірлестіктер алда келе жатқан 1 мамыр мерекесіне дайындалып жатыр. Бірлік күні Ақтөбеде кең көлемде аталып өтпек.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев