Оңтүстік Кореяда қазақ киносы көрсетілді

«Нартай» және «Паралимпиадашы»туындылары Ыйджонбу қаласында өткен Орталық Азия елдерінің бірінші кинофестивалінде көрермен назарына ұсынылған.

Көпшілік «осы фильмдер арқылы Қазақстанды жақын тани бастадық»,- дейді.

Қазақ елінен келген Кинофестиваль қонақтары  шағын ауылға соқты. Көк байрағы бейнеленген шатырға келушілер ұлттық тағамдардан дәм татты. Мұнда жергілікті тұрғындар қазақ жазушыларының корей тіліне аударылған кітаптарымен танысты. Ал Кореядағы «Номад» қазақ қауымдастығының өкілдері жиналғандарды ұлттық салт-дәстүрмен таныстырды.

Балнұр Айтбаева – "Номад" Кореядағы қазақтар қауымдастығы директорының орынбасары:

- Жергілікті кісілер келген кезде бесікті сүрайды ол кісілер. Дәстүрі сұрайды, тарихын сұрайды. Бұрынңы заманда көшіп қонып жүргендіктен бізге осы ыңғайлы болған деп. Бала тыныш құйықтаған деп, түн үйқысын қорғаған деп осыны түсіндіріп отырмыз. Өте таңғалып жатыр.

Орталық Азия кинофестивалінің ашылуының Шинхан университетінде өтуі кездейсоқ емес. Мұнда болашақ актерлер мен режиссерлер оқиды.  Өткен айда Шинхан университеті мен Қазақ киносын қолдау орталығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ал бірлескен іс-әрекеттердің нәтижесі бүгінде көрініп тұр. Алғаш рет қазақстандық екі фильм «Нартай» және «Паралимпиадашы» корей тілінде субтитрмен көрсетіледі.

Өткен жылы Шинхан университетінде қазақ киносының күндері аясында жергілікті тұрғындар фильмдерімізді ағылшын субтитрлермен көрді. Ал биыл университет біздің туындыларды корей тіліне аударды. Сондықтан көрермендер мән-мағынасын жақсы түсінді.

Шин Юн Гю, Шинхан университетінің стіденті:

- Көбінесе біз қарапайым спортшыларға  көп көңіл бөліп,оларды қолдаймыз. Мен паралимпиада спортына қатысты ұйымның мүшесімін. Фильмді қарап отырып маған паралимпиадашылардың тарихын көпшілікке қалай жеткізуге болатынын ойлауға мүмкіндік берді.

Шинхан университеті мен Ыйджонбу қалалық мэриясы Орталық Азия кинофестивалін дәстүрге айналдырмақ. Бұл келер жылы корей көрермендері жаңа қазақ фильмдерін көреді деген сөз.