Ақтөбеде домбырашылар шеруі ұйымдастырылды. LIVE

Ақтөбеде Бірлік күні домбырашылар шеруі ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мыңға жуық жеткіншек ұлттық өнердің алтын қорына айналған туындыларды орындап жатыр. Соңғы жылдары қазақтың қасиетті аспабына өзге ұлт өкілдерінің де қызығушылығы жоғары. Бұл жолы да өнер көрсеткендердің арасында орыс пен татар, өзбек пен кәріс балаларын кездестіруге болады.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Біз қазір Қазақ халқына мың алғыс монументі жанындамыз. Бұл жерде қасиетті қара шаңырақ көтеріліп, керегесін жағалай түрлі ұлыс өкілдері жиналған. Бас орда төрінде халқымыздың түрлі салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы көрінісін тамашалауға болады. Бұдан бөлек, облыстағы түрлі этномәдени бірлестік өкілдері көрме де ұйымдастырған.

Дегенмен мерекелік шараның көзайымына айналған таланттар шамамен 1 сағат бұрын өнер көрсетіп кетті. Мыңнан астам жеткіншектен құралған домбыра оркестрі Құрманғазыдан бастап Тәттімбет пен Қазанғап, Динаның туындыларын орындады.

Бірліктің бесігіне айналған Ақтөбе халқы қазақ ұлтынан өзге 90-нан астам ұлыстан құралған. Облыстық «Достық үйінде» 18 этномәдени бірлестігі еңбек етеді. Әрбірінің тарихын сақтап, ұрпақтан ұрпаққа дәріптеуге мүмкіндігі бар. Жалпы әртүрлі ұлт өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау бірлік пен ынтымақтың негізі екендігін айта өткен жөн.