Солтүстік Қазақстан халқы Бірлік күнін тойлап жатыр. LIVE

Ынтымақ пен ырыстың, татулық пен достықтың символына айналған бұл күнді Солтүстік Қазақстанда да сән-салтанатымен тойлап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақ, орыс, татар, қырғыз сынды түрлі ұлт өкілдері ұлттық киімдерін киіп, орталық алаңға жиылды. Ән шырқап, би билеп өз өнерлерін көрсетті.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Мерекеңізбен! Ақпыз, қара, сарымыз. Ағайынбыз бәріміз. Орталық алаңға жиналған түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің ұстанымы осындай. Мейрамды  атап өтуге келгендердің көңілі шат. Бұл – ең бастысы. Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған бағдарламалар таңғы сағат 11-ден басталды. Орталық алаңда «Бейбітшілік – ел тірегі» атты театрландырылған концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Оған қазақ, неміс, татар, поляк, орыс сынды бірнеше ұлт өкілдері қатысып өздерінің биін билеп, әндерін шырқап, мейрамның көркін қыздырды. Бұдан бөлек, жұртшылық түрлі спорттық сайыстарда бақ сынады. Осылайша, бір шаңырақ астына жиналғандар өздерінің ұлттық құндылықтарын барынша дәріптеп жатыр.

Халықтың бірлігін, ынтымағымен достығын насихаттайтын атаулы күн Петропавлда осылай басталды. Ән мен күй, мерекелік шаралар кешке дейін жалғасады. Біздің өңір – еліміздің солтүстік  қақпасы. Халық бейбітшілік пен келісімнің, ауызбіршіліктің арқасында айрандай ұйып отыр. Мерекеге жиналған ағайынмен бізде тілдескен едік. Сұхбатқа назар аударсақ. 

Гүлбақша Мұсабаева, «Urpaq» қазақ-мәдени ағарту орталығы төрағалар кеңесінің мүшесі:

- Халқымыздың ойы бір жерден шықсын. Әрқашанда осы келісіммен татулықтың арқасында біз әлемде нағыз Қазақстанның ынтымақтастық, ұлтаралық келісімнің моделі болып жүре берейік. Туған еліме мен әрқашанда бейбітшілік тілеймін.

Юлия Родионова, қала тұрғыны:

- Біздің елімізде қазақтар да, орыстар да, укриндар да, немістер де және көптеген басқа ұлт өкілдері тұрады. Біз – тату отбасымыз. Және мен бүкіл Қазақстандықтарды осындай тамаша мерекемен құттықтаймын. Осы Бірлік күні барлық Қазақстандықтарға мықты денсаулық, зор байлық, құт-береке, жарқын болашаққа деген үміт әкелсін. Біздің отанымыз өркендей берсін!

Раиса Рамазанова, қала тұрғыны:

- 130 ұлт өкілдері тату-тәтті тұрамыз. Бейбітшілік бізде, бірлік. Бәріміз аман-сау болайық. Міне, татарлар мәдениет орталығы шығып, жәрмеңке қылып жатыр. Көрме жасап жатыр. Өлеңдерді айтып жатырмыз. Денсаулық болсын, Қазақстан гүлденіп тұрсын!

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Сөз соңында айта кетейін, мереке кешкісін жастарға арналған флешмобпен жалғасады. «Береке бастауы – бірлік, елі іші – тату тірлік» қағидасын ұстанған Солтүстік Қазақстандықтардың қуанышы осындай.