Мамырдың алғашқы мерекесін қостанайлықтар шат-шадыман қарсы алды

Мамыражай мамырдың алғашқы мейрамын қостанайлықтар да шат-шадыман қарсы алды.

Облыс орталығында ұлттық мәдениет пен дәстүрді насихаттайтын алаңдар жасалып мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Мәселен, Әуежай шағын ауданының тұрғындары кілем тоқу, самаурын тұтатуды үйренді. Ұлттық би өнерінен де сабақ алды. Достық, бірлік ұранымен өткен іс-шараға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйытқы болды.

Айткүл Байсейітова кілем тоқудың хас шебері. Қолөнердің бұл түрімен 45 жыл бойы айналысады. Жылқы мен қой жүнін араластырып ою-өрнекті алуан түсті кілемдер жасайды.

Айткүл Байсейітова, қолөнерші:

- Қарасаңыз, ештеңе керек емес. Мынадай ағашты шеберлер жасаған. Мынаны арқау деп атайды. Осымен түрлі түсті кілемдерді түрлі оюлармен. 

Ал ақ жаулықты әжелер ежелгі қол диірменмен қуырылған бидайды тартып жент жасау әдісін көрсетті. Самаурын тұтатуға қызығушылардың қарасы қалың болды. Тұрғындар 12 түрлі самаурында қайнатылған шайдың дәмін татты.

Айбек Таңатбаев, «Қоғамдық келісім» КММ бас маманы:

- Халық, түрлі ұлт өкілі білсін, таныссын тарихымен. Соны қалай жағу керек екенін? Қазір сиреп бара жатыр білетіндер. Қала тұрғындарына таныс емес дүние. Соны жандандыру мақсатында көрсетіп жатырмыз.

Әуежай шағын ауданында мұндай ауқымды думан алғаш ұйымдастырылды. Жалпы Бірлік күні Қостанай бойынша үш жерде тойланды.     

Ринат Мұхаметқалиев, облыс әкімінің орынбасары:

- Қазақстан халқы бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Еліміз бірліктің, береке, ынтымақтың арқасында үлкен жетістіктерге жетіп жатыр. Азаматтардың барлығына ұлтына қарамай барлық мүмкіндіктер бірдей берілген. Соның арқасында еліміз гүлденіп, тәуелсіздігіміз әрі қарай нығая береді деген сенімдемін.

Жалпы аймақта 100-ден астам ұлт өкілі тұрады. 19 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар бірлік, татулық ұғымын ту етіп 1 мамыр бірлік күніне тойлауға ат салысты.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров