Елорда әкімдігі 1 мамырға орай бірнеше мерекелік іс-шара өткізді

Елорда әкімдігінің ұйымдастыруымен қалада бірнеше мерекелік іс-шара өтті.

Бас қаланың басты алаңдарына жиналған адам қарасы көп. Жалпы мамыр айындағы мейрамдарға орай 160-тан аса іс-шара жоспарланыпты.

Қазақстан халқы 1 мамыр күні ынтымақ пен бірлік күнін тойлайды. Біздің ел үшін бұл мейрамның орны ерекше. 1996 жылдан тойланып келе жатқан атаулы мерекені Қазақ даласында өмір сүріп жатқан 120-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері атап өтеді. Бұл - киелі қара шаңырақтағы береке мен бірлік, бейбітшілік пен ынтымақтың мейрамы.

Бақыт Романова, қала тұрғыны:

- Подружкаларым бар орыс, белорус, украин. Өз отбасымызда татарлар бар, өзбектер бар. Бүгін енді мерейтой осындай таңертең кішкене аспан салқын болды. Қазір көңіл-күйіміз күшті. Әкімдік күшті концерт дайындапты. 85-гі анамды алып келдім. Барлығыңызды 1 май мерекесімен құттықтаймын.

Айтулы мереке елдің барлық өңірінде аталып өтеді. Биыл елорда әкімдігі бас алаңдарда концерттік бағдарлама ұйымдастырған. Жергілікті өнерпаздар мен эстрада жұлдыздары қала халқына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Ақерке Жұманбаева, мәдениет және өнерді дамыту бөлімінің басшысы:

- Астана қаласының әкімдігі мамыр айындағы мерекелерге 160-тан астам іс-шара жоспралаған болатын. Бірінші мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күніне 70-тен астам іс-шара өтіп жатыр. Бүгінгі күні мереке күні 4 басты алаңда концерттер ұйымдастырдық.

Көктемнің жаймашуақ мезгілі - мамыр айы биыл да елордалықтар үшін өз ерекшелігімен есте қалмақ. Өйткені қала әкімдігі халық көзайым болар көптеген іс-шаралар ұйымдастырған.

Гүлзия Нақыпқызы, Асхат Қарақойшиев