Қарақаралы қаласына су тарту жобасының екінші кезеңі басталды

Қарағанды облысының Қарқаралы қаласына су тарту жұмыстары қар еріген соң қайта жанданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауқымды жобаның екінші кезеңі күзге дейін аяқталып, тіршілік нәрі тұрғындарға жетуге тиіс.

Мамандардың болжамы бойынша, жаңа құбыр арқылы 9 мың тұрғыны бар аудан орталығына тәулігіне 4 мың текше метр су беруге болады. Салыстырмалы түрде айтсақ, қазір қала маңындағы құдықтардан күніне 1,5 текше метр ғана су шығады. Бұл жеткіліксіз. Жылдың кей мезгілдерінде жерасты суының деңгейі төмендеп, жұрт тіршілік нәрінсіз қалған күндер де болған екен. Енді жоба бойынша 4 сорғы станциясы, сыйымдылығы 2 мың текше метр болатын 3 бірдей су қоймасы және 38 шақырым құбыр салынуға тиіс. Қазір соның 32 шақырымы тартылған. Бұл мақсатқа 2 млрд 900 млн теңге қаржы бөлініп отыр.

Талғат Омаров, Қарқаралы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Биылғы жылы электр желілерін аяқтап, қалған 6 шақырым құбырды аяқтап, қосуды жоспарлап отырмыз. Мақсатымыз Қарқаралы тұрғындарын ауызсумен тұрақты түрде қамтамасыз ету. Өйткені бізде су ұңғымалары, скважиналар Қарқаралы маңайындағы ұлттық табиғи парктің жерінде орналасқан. Ол суларды алған кезде мөлшері жаз айларында, қыс айларында түсіп кетеді.