Елімізде лаңкестік әрекетке тосқауыл қойылды

Халық көп жиылатын орында лаңкестік әрекет жасамақ болғандар ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлттық қауіпсіздік комитеті шұғыл тосқауыл қойған.

Президент қабылдауында болған комитет төрағасы Ермек Сағымбаев осылай деп мәлімдеді. Кездесуде Мемлекет басшысының бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы, ведомствоның жыл басынан бергі атқарған қызметі мен алдағы жоспары баяндалды.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Елде террорлық қатерге қарсы жаттығу жиындары өтті. Қауіп қашанда бар. Мәселен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшелері бірқатар лаңкестік қылмыстың жолын кескен. Тіпті қолдан жарылғыш құрылғы жасап, оны халық көп жиналатын орындардың бірінде жармақ болғандар тұтқындалды. 19 адам қамауға алынған. Қатер шеттен де бар. Комитет өкілдері өзге мемлекеттердің арнаулы қызметтерінің барлау әрекетіне қарсы іс-қимыл операцияларын жүргізді. Анықталған бірқатар факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Ермек Сағымбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа елдегі криминогендік жағдайды да баяндады. Белгілі болғандай, биылғы 4 айда Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұйымдасқан 8 қылмыстық топты құрықтап, қару-жарақ пен оқ-дәрі жасауға қатысты 7 жасырын цехты жойған. Заңсыз айналымнан 268 қару, 21 граната және 30 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. 16 есірткі лабораториясының, 11 халықаралық және 17 өңірлік есірткі арнасының жұмысы тоқтатылды.

Ал мемлекеттік шекарада 7 мыңға жуық заң бұзушы ұсталды. Шамамен 2 млрд 800 млн теңге көлемінде валюта, алтын және басқа да тауарлардың заңсыз тасымалына жол берілмеді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің техникалық бөлімшелері 38 млн-ға жуық кибершабуыл мен елдің маңызды инфрақұрылым нысандарына бағытталған 2 мыңға жуық шабуылды тойтарған. Кездесу соңында Президент Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметінің бағыттары бойынша бірқатар тапсырма берді.