Қарағандылық желаяқтар жолға шықты

Түркістанды бетке алған топ 1300 шақырым қашықтықты небәрі 3 күн ішінде жүгіріп өтпек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Эстафеталық ультрамарафон Бұқар жырау бабамыздың 350 жылдығына және «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тарихи оқиғасына 300 жыл толуына орай ұйымдастырылған. 

Қарағанды-Түркістан бағытындағы эстафеталық ультрамарафонға бас-аяғы 50 адам қатысады. Оның 37-сі – Евней Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің оқытушылары мен студенттері.

Тілеубек Бақдәулет, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің аға оқытушысы:

- «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, марафонды жүгіргеннен алдыңғы дайындығы қызықтау болды. Күніне 10-15 шақырымнан, арасында 1-3 шақырымға жылдамдату, жылдамдыққа жүгіру, әртүрлі жаттығулары бар өзінің, сол бойынша дайындалдық. 

Желаяқтар небәрі 3 күн ішінде 4 бірдей облыстың үстінен өтеді. Қарағанды-Ұлытау-Қызылорда-Түркістан. Әр қатысушы кезекпен жүгіріп отырады, осылайша, барлығы қосылып, 1300 шақырымды бағындырмақ.  

Қуанышбек Аданов, Дене шынықтыру және спорт факультетінің деканы:

- Әр адамға 21 шақырымнан бөлінген. Өзі белгіленген жерлері бар. Сол 21 шақырымды жүгіріп өтеді де, арнайы бөлінген автобусқа қайтып келіп отырады. Түнгі уақытта тынығады, таңғы 04:00-05:00-де қайтып жүгіруді бастап отырамыз.   

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жол бойы тәртіп сақшылары бірге жүріп отырады. Ал 3 дәрігер марафонға қатысушылардың денсаулығын қадағалайды.  

Аманай Мырзабаев, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры:

- Мен биыл 66-ға келемін, амандық болса. Бұл жерде негізінен жүгіретін спортшы жастар, әрине. Мен жалпы университеттің барлық спорт түріне қатысатын болғандықтан, мені ең үлкен адам ретінде шықырып отыр. Менің жүгіретін шақырымым өзімнің жасыма сәйкес 5 шақырымнан келеді.

Желаяқтар мамырдың 4 күні Түркістан қаласында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің алдында мәреге жетуі тиіс. Жол бойы олар қазақтың тарихын, даңқты бабаларымызды, салауатты өмір салтын насихаттауды жоспарлап отыр. 

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.