Шымкентте Отан қорғаушы күні қарсаңында әскери қызметкерлер марапатталды

Шымкентте Отан қорғаушы күні қарсаңында бір топ әскери қызметкердің мерейі үстем болды.

Салтанатты шарада сарбаздар мен сардарлар қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін марапатталып, мерекелік төсбелгіге ие болды.

Отан қорғаушы күніне орайластырылған шарада мемлекеттік ту салтанатты жағдайда сахнаға шығарылды. Әскери оркестрдің сүйемделдеуімен жанды дауыста гимн шырқалып, қатысушыларға патриоттық сезім сыйлады.

Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 31 жыл. Осы уақыт аралығында отан қорғау үшін қару асынып, перзеттік парызын биік қойған азаматтар құрметке лайық. Салтанатты шарада сөз алған қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысушыларды құттықтап, алғысын білдірді.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

- Отан қорғау перзенттік парыз, мәртебелі міндет. Еліміздің тыныштығы мен жеріміздің тұтастығын сақтау жолында қылтқысыз қызмет етіп жүрген ержүрек жауынгерлеріміздің еңбегі ерен. Жас ұрпағымыз жігерлі де отаншыл болсын! Мереке құтты болсын!

Салтанатты шарада әскери тәртіпті сақтап, антына адал болған сарбаздар құрмет биігінен көрінді. Солардың бірі - Бақтыбек Сапаршаев. Авиациялық бөлімнің тәжірибелі маманына «Мінсіз қызметі үшін» мерекелік медалі табыс етілді.

Бақтыбек Сапаршаев, қалалық №55652 авиациялық әскери бөлімінің қызметкері:

- Мен осы әскери бөлімде қызмет атқарып жатқаныма 15 жыл болды. Соған орай екінші дәрежелі мінсіз қызметі үшін деген марапат берілді. Қуаныштымын. Барша қызметкерлерге, әскери қызметкерлерге осындай табыс тілеймін. Еліміз тыныш болсын, аспанымыз ашық болсын!

Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Әскери гарнизонның сарбаздары мен оқу орталықтарының курсанттары патриоттық ән шырқап, жауынгерлік даярлықтарын көрсетті.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов