Атырауда «Қазақстан әскеріндегі бір күн» акциясы өтті

Атырауда әскери қызметті насихаттап, ел әскерінің имиджін көтеру мақсатында «Қазақстан әскеріндегі бір күн» акциясы өтті.

Іс-шараға 10-11 сынып оқитын 200-ге жуық оқушы қатысты. Оларға ұрыс тәсілдері, қару-жарақ пен киім түрлері, сарбаздардың бір күндік өмірі таныстырылды.

Батыс өңірлік қолбасшылығына қарасты 41433 әскери бөліміне жиналған мектеп оқушылары таңданыстарын жасыра алмады. Бұған дейін түрлі техника мен қару-жарақты теледидардан көрген балалар іс-шарада көзбен көріп, қолмен ұстады.

Жігер Салих, мектеп оқушысы:

- Бүгінгі әскери шарада қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетті. Біз мектепте тек бір қаруды көреміз, мұнда шынайы әрі ауыр қарулар өте көп екен.

Мейрамбек Боранбаев, мектеп оқушысы:

- Осы жерде бәрімен таныстырып жатыр. Парашюттің қалай ашылуы туралы, апаттық жағдайда не істеу керек, әр түрлі қару мен трнаспорттарды таныстырып жатыр. Осы әскери шар арқылы Отанды қорғауға құлшынысым артты.

Оқушыларға сарбаздардың киім үлгілері де көрсетілді. Жатын орын мен асхананы да аралады. Ұрыс тәсілдерімен танысты. Ұйымдастырушылар жастардың әскерге қызығушылығын арттыру мақсатында мұндай іс-шараның маңызы зор екенін айтады.

Жасұлан Сатыбалдиев, облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті басқарма бастығының м.а:

- Бұл шара – ҚР әскерінің имиджін көтеру, әскери қызметті насихаттау мақсатында ұйымдастырылған. Өйткені жаңа өсіп келе жатқан болашақ сарбаздарымызды оқу бағдарламасында олар кітаптан және басқадан оқып үйренсе, қазіргі таңда Қарулы күштердегі техникаларды, қару-жарақтарды көзімен көріп, шынайы қызығушылықтарын танытады.

Мұндай акция өңірде жыл сайын ұйымдастырылады. Болашақта іс-шараны жиі өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ аудан жастарын да қамту көзделген.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин