4 мамыр – Өрт сөндірушілердің халықаралық күні

Атаулы дата 1998 жылы Австралиядағы орман өртінде ажал құшқан 5 өрт сөндірушінің құрметіне белгіленген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Досбол Бекқожиннің кезекшілігі осылай құрал-саймандарды түгендеумен басталады. Бәрі сақадай сай болуы тиіс. Қатардағы құтқарушы 3 жыл бойы өмірін қауіп-қатерге тігіп, қызметін адал атқарып жүр. Себебі өрт сөндіруші болу – бала күнгі арманы.

Досбол Бекқожин, өрт сөндіруші:

- Мақтан тұтатын мамандық иесі. Өйткені адамдардың өмірін құтқарасың. Біреудің үйлердің аман алып қаласың. Рақмет айтады. Соның өзі – бізге үлкен жетістік. 1 күн істейміз, 3 күн демаламыз. Демалыстарда қатты өрт боп қалса, бізді шақырып болады. Таңертең өртке кетіп, келесі күні келген кездер болды.

Қазір Қостанай ауданының №10 өрт сөндіру бөлімі үшін қауырт кезең. Тәулігіне сегіз рет тілсіз жаумен күресетін сәттер болады, - дейді құтқарушылар жасағы. Біздің түсірілім барысында кезекті дабыл қағылды. Көрші ауылда саяжай қызыл жалынға оранды. Жігіттер шұғыл түрде адам өмірін құтқаруға асықты. 

Абырой болғанда ешкім зардап шекпеді. Тек 2 саяжай үйі толық жанып кетті. Оқиға орнына санаулы минутта жеткен өрт сөндірушілер оттың әрі қарай таралуына жол бермеді.

Досбол Бекқожин, өрт сөндіруші-құтқарушы:

- Өрт сөндіруші күшті болуы керек физикалық жағынан. Сосын тез шешім қабылдай білуі керек. Өрттен қорықпай, ішіне кіруі керек. Қасындағы адамды тастап кетпеуі керек аппаратпен кірген кезде. Түтінде адам сасқалақтайды ғой. Жан-жағында дым көрінбейді.  

Бұл салада небәрі бір жыл еңбек атқарған адам тәжірибелі маман саналады. Сол себепті өртпен күрес қателікті кешірмейді.

Дәмір Бектұрғанов, №10 өрт сөндіру бөлімінің командирі:

- Біздің жігіттер – нағыз кәсіпқой. Өрт болған жерге келгенде көзді-ашып жұмғанша көліктен түсіп, сөндіруге білек-сыбана кірісіп кетеді. Әрине, жүктеме ауыр. Осының бәріне төтеп берген адам ғана осы мамандықты өмірімен ұштастырады.

Облыс бойынша өрт қарсы 27 бөлім бар. Оларда мыңға жуық өрт сөндіруші еңбек етеді.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров.