Ақтауға саяхаттап келген шетелдіктер туристік жарна төлеуге міндеттеледі

Каспий жағасындағы қалаға саяхаттап келген шетел азаматтары енді туристік жарна төлеуге міндеттеледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақтау қалалық мәслихаты осындай шешім шығарды. Құжат 10 күннен соң қолданысқа енеді. Туристік жарна мөлшерлемесі шетелдіктер аялдайтын қонақ үй ақысының 1%-ін құрайды. Бюджетке түскен қаржы жергілікті туризм саласын дамытуға жұмсалады. Мұндай тәжірибе әлемнің бірқатар елінде бар.

Соңғы 2 жылда Маңғыстау жеріне табан тіреген туристердің саны 6%-ке өсті. Мәселен, 2021 жылы өңірге 29 мың шетелдік келсе, былтыр бұл көрсеткіш 41 мыңға артқан.

Гүлмира Әбішева, Ақтау қалалық мәслихатының депутаты:

- Мұндай практика Грузия, Чехия, Біріккен Араб Әмірлігі сынды әлемнің бірқатар елінде қолданылып жатыр. Ол елдерде жарнаның мөлшері әртүрлі. Ал Ақтау қаласында әзірге 1% қылып бекітіп отырмыз. Осы өңірге келетін туристердің саны көбейгенін ескерсек, жарнадан түсетін қаржының молаятынына сенімдіміз.