Щучье-Бурабай курорттық аймағындағы жолдар қауіпті болып тұр

Щучье-Бурабай курорттық аймағындағы жолдарды күтіп ұстауға тиіс болған 15 лауазымды тұлға жауапқа тартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың қатарында ауыл әкімі, жол және коммуналдық қызмет басшылары бар. Тексеру нәтижесі бойынша полиция сала мамандарына 140 ұйғарым жіберген. Қазақстанның інжу-маржаны атанған өлкеде биыл туристердің қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі?

Бурабайға туристердің алғашқы легі мамыр айының басындағы мерекелерде келе бастайды. Бірақ мұндағы тар жолдар мен өткір бұрылыстар олар үшін өте қауіпті. Оның үстіне көп жүргізушілер жол ережесін сақтамайтын көрінеді.

Тұрғындар:

- Көбі правила ережені ескермей айдайды, әсіресе жастар.

- Жалпы тұрғылықты жүргізушілер қалай жүру керек екенін біледі, тәртіпті сақтап жүреді. Бұл жерде жан-жақтан келген жүргізушілер тәртіпті сақтамайды. Шынын айту керек. Тез жетсем екен, тұраққа барып, бірінші тұрсам екен деп асығады.

Бурабайда жылдамдықты арттыру және мас күйде көлік тізгіндеу дерегі жиі тіркеледі. Сондай-ақ тар жолға тұрақ жасап, көлігін қалдырып кететіндер де көптеп кездеседі, - дейді тәртіп сақшылары.

Данияр Аманжол, патрульдік полиция батальоны взводының командирі:

- Жол шетіне көлігін қалдырып кетеді. Салдарынан 3-4 көлік соқтығысып қалады. Күніне осындай 5-6 жол көлік оқиғасы тіркеледі. Әсіресе демалыс және мереке күндері осындай жағдайлар көп орын алады.

Демалыс күндері курорттық аймақтағы қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Бурабайдың жолдарына 9 «автоураган» кешені орнатылған. Полицейлер әсіресе жолдың қауіпті тұстарын назарда ұстайды.

Ержан Қошқарбаев, облыстық Полиция департаментінің басқарма бастығы:

- 20 авариялық учаскеге шу жолақтары салынды. Жүргізушілерге арналған арнайы строб шамдар мен 4 билборд орнатылды. Сондай-ақ мас күйде көлік тізгіндеген жүргізушілер де анықталды. Облыс бойынша осындай  677 дерек тіркелсе, соның 38-і Бурабайда орын алды.

Осы жылы курорттық аймақта 500 көлікке арналған автотұрақ салу жоспарда. Бұл Бурабайдағы көлік тұрағына қатысты мәселені біршама шешуге мүмкіндік береді. 

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Щинкоренка.