Қарағандылық құтқарушылар биыл 1200 адамды аман алып қалды

Қарағандылық құтқарушылар биылғы жылдың 4 айында 1200-ге жуық адамды құтқарып қалды.

Облыстағы екі мыңдай маман қысы-жазы тынымсыз от пен суға түсіп адам жанына араша болады. Азаматтық қорғау органдары құрылғалы бері 11 өрт сөндірушінің өзі қызыл жалын құрсауында қалып қаза тапқан. Бүгін халықаралық өрт сөндірушілер күні қарсаңында ерлігімен көзге түскендер марапатталып, қатарға жаңа қосылғандар ант қабылдады.

Айбатыр Ерланұлының өрт сөндіруші болып жұмыс істей бастағанына бүгін 5 ай болды. Жасы жиырмаға енді келген жігіт салаға жүрек қалауымен келгенін айтады. Бүгін салтанатты түрде ант қабылдаған ол енді антқа адал, сертке берік боламын деп бекініп тұр. Жарты жылда бірсыпыра құтқару жұмыстарына да шығып үлгірген. 

Айбатыр Ерланұлы, №21 ӨСБ өрт сөндірушісі:

- Өмір бойына бір ақ рет ант қабылдайды. Сол үлкен ант қабылдау бізге де бұйырып тұр екен. Біз бір подъезде 20 адамды түнде құтқарғанбыз. Барған кезде горения подъезда болып жатты, сщетчиктер тұрады ғой сол жанып жатқан кезде бізге команда түсті аппаратқа қосылыңдар деген. Тез қосылып,жанып жатқан оттың ішінен  адамдарды шығардық терезеден, есіктен.

Айбатыр сынды салаға алғаш келіп, алайда бүгін тісқаққан маманға айналғандарда жеткілікті. Олардың бірсыпырасының бүгін шені жоғарлады, төсбелгі алды. Солардың бірі Ілияс Ағыбаев. Ол «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» деген төсбелгімен наградталған. Қорғаныс саласында 13 жыл жұмыс істеп келе жатқан Ілияс бірнеше мәрте жоғары қабаттардағы күрделі өртті ауыздықтау жұмыстарына қатысытқан. Өзінің қырағылығы мен шеберлігінің арқасында 8-қабатта жанып жатқан пәтердің ішінде қалып қойған 2005 жылғы жеткіншекті аман алып қалған. 

Ілияс Ағыбаев, облыстық ТЖД бөлімше командирі:

- Ол өрт таңертең ерте шамамен сағат 8-дер шамасында болды. Сол күні түнімен дала өртін сөндіріп енді келіп жатқанбыз. Есімде қалған себебі өзімнің киімім де малмаңдай су болып тұрған. Рация арқылы пәтерде адам болуы мүмкін деді. Терезеден қара түтін будақтап жатыр екен. Темір есікті бұзып кіріп, өртеніп жатқан оратңғы бөлмеден өтіп барып, баланы көрпеге орап алып шықтым. Бұл негізі күнделікті жұмыстың бірі. Оны ерлік деп есептемеймін де.

Айта кету керек, елдегі ең ірі өрт сөндіру гарнизоны осы Қарағанды облысында. Құтқарушылар жыл сайын 11 мыңнан астам құтқару жұмыстарын орындайды. Облыста  2 мыңға жуық құтқарушы, 50-ден астам авариялық – құтқару бөлімшелері бар. Мамандар аптасына кемі 300-ден астам жедел - құтқару жұмыстарына шығып тұрады.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар