Алматыда инватаксидің саны артады

Алматыда инватакси жетіспейді.

Бұл - осы қызмет түріне мұқтаж мүмкіндігі шектеулі жандардың жанайқайы. «Арбаға таңылғандар арнайы көліктің тапшылығынан қалада жүріп-тұруымыз қиындады»,-дейді. Дегенмен әкімдік өкілі алдағы уақытта мәселе шешімін табады деп сендірді. Мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсететін көліктердің санын 100-ге жеткізу көзделіп отыр.

Ұлан Іңкәрбеков, өзімен тағдырлас жандардың мәселесін біраз жылдан бері көтеріп келеді. «Инватаксиге қатысты да шағымдар көп», - дейді ол. Әсіресе, арбада отыратын жандарға арналған арнайы жабдықталған  көлік жетіспейді. Қолданыста жүргендері ескірген. Инвесторлар пайдасы аз кәсіпке қаржы құюға құлықсыз.

Ұлан Іңкәрбеков, мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Инватксиде қателіктер көп. Бізде күннен күнге тұтынушылар көбейіп жатыр.  Бұрынғы адамдарға тағы қосымша адамдар қосылып жатыр. Сондықтан машина жетіспейді. Біз инвесторларды кіргізейік десек, олар 1 жылға контрактіге кірмейді. Бір жылдың ішінде ол машина өзін-өзі ақтамайды. Талай кездесулерде, талай жоғары жақта да осы мәселені көтеріп айтып жүргенім, контракті ең құрмағанда 3 жылға жасау керек.

Қазір қалада мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдаумен  айналысатын үш компания бар. Күнделікті 64 көлік қызметке шығады. Олардың 24-і ғана арбада отыратын ересектер мен балаларды қажет жеріне жеткізеді. Ал қалған көліктер зағип жандармен аутизмге шалдыққандарға қызмет көрсетеді. Алматыда арбада отыратын 1500 адам бар екенін ескерсек, арнайы көліктің жетпейтіні айдан анық.

Эмиль Максумов, инватакси қызметін көрсететін компанияның директоры:

- Біз 180 адамға қызмет көрсетеміз. Яғни, күніне тұрақты түрде 180 өтініш түседі. Олар 12 көлікке бөлінеді. Ең азы бір машина күніне 20 шақырым жүреді. Техника ескірген. Жаңа көлік алуға қаржы жоқ, тіпті, оларды жөндеуден өткізуге ақша қолбайлау.

Әкімдік өкілінің айтуынша, 2023 жылға инватакси қызметі үшін бюджеттен 765 млн теңге бөлінген. Бірақ бұл конкурсқа ешқандай қызмет көрсетуші компания қатыспаған. Себебі, бұл қаражат аз.

Қалибек Ақылбек, жұмыспен қамту және ӘБ басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда 2700 теңге ол 1 машинаның 1 сағатына арналған сумма. Біз ақпан айында қалалық бюджетке шағымдама түсірдік. 2700 теңгеден көтеру үшін және  халық маслихаттары сол сұрағымызды қабылдады. Және қосымша қаражат берілді. 2700 теңгеден 3700 теңгеге шейін, 1 сағаттық көтерілді. Және мамандандырылған көлік бойынша 2700 теңгеден 4500 теңгеге дейін сол қаражат көтерілді. Бұл бізге конкурсқа жаңа компанияларды тартуға мүмкіндік береді. 

Қазіргі уақытта жаңа баға негізінде әлеуметтік қызмет көрсететін компанияларға арналған конкурстың техникалық құжаттамасы әзірленуде. Әлеуметтік жобаға бір миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Сондай-ақ, алдағы уақытта инватакси қызметіндегі көліктер санын 100-ге жеткізу жоспарда бар.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев, Эдуард Кон