Алматыда 7 мыңнан астам тұрғын үй жаңа басқару жүйесіне өтуі тиіс

Тұрғын үй саясатын реформалауға сәйкес пәтер иелері кооперативінің   жұмысы 1 шілдеден бастап тоқтатылуы тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал тұрғындар осы уақытқа дейін меншік иелері бірлестігін немесе серіктестік құрып алмаса, онда үйлері басқарушы компаниялардың қарамағына өтеді. Ал басқарудың жаңа түрін таңдағандар түрлі кедергілерге тап болып отыр.

Бүгінгі таңда Алматыда тұрғын үй қорының 15%-і ғана мүлік иелері бірлестігіне көшкен.

«Ең алдымен тұрғындар өздеріне тиесілі пәтерге ғана жауаптымын деген ойдан арылу керек. Шатыр, жертөле, аула, үй маңындағы жерге дейін ортақ мүлік. Ал соның кем-кетігін меншік иелері бірлестігі өзі түгендейді», - дейді осы істің басы-қасында жүрген Шынайым Алжанова. Шынайымның қарамағындағы үйлер 30 жыл бұрын салыныпты. Оның айтуынша, жұмыс жүйелі болу үшін бірінші кезекте тұрғын үй қорының құжаттарын қалпына келтіріп, мемлекеттік тіркеуді жаңалау керек. Оған бүкіл мекеме араласуы қажет.

Шынайым Алжанова, меншік иелері бірлестігінің төрайымы:

- Жер актісі, кондоминиум, техникалық паспорт, инженерлік жүйенің сызбасы, есептегіш құралдың құжаты. Осы сияқты құжаттар өте көп. Мұның көбі пәтер иелері кооперативінде толық емес. Ал әкімдік мұның бәріне қатысы жоқтай кейіп танытады. Мен өзім меншік иелері бірлестігінің төрағасымын. Оны құру бізге оңайға соққан жоқ. Өз басым реформаны толық қолдаймын. Бірақ жергілікті әкімдіктен, мемлекеттік органдардан барынша қолдау болмаса, іс алға баспайды.  

Айжан Мусина кейіннен бой көтерген элиталық тұрғын үй кешеннің меншік иелері бірлестігін басқарады. Ол жұмыстың ашық жүріп жатқандығына сенімді. Яғни, адамдар неғұрлым белсенді болса, соғұрлым тәртіп орнайды. Ортақ мүлікке қызығушылығы жоғары болады деген пікірде. 

Айжан Мусина, меншік иелері бірлестігінің төрайымы:

- Бірлестік құрғаннан кейін бізге тиесілі 10 мың шаршы метр аумақты анықтадық. Әрине, ол пәтерге арналмаған. Қазір оны пайдаланып отырғандар нысанды күтіп ұстауға қаржы төлеп отыр. Ал бұл бізге қосымша табыс көзі. Тиімді жағы, сол қаржыны тұрғындардың өздері басқарады. Осыны халық түсінуі тиіс.   

Еліміз бойынша ең үлкен тұрғын үй қоры Алматыда. Соңғы дерек бойынша,  қалада 9 мыңға тарта көп қабатты тұрғын үй бар. Соның 7 мыңнан астамы жаңа басқару жүйесіне өтуі тиіс болған. Қазір 1328 үй меншік иелері бірлестігін, ал 4672-сі қарапайым серіктестік құрған.

Дастан Маусымбаев, қалалық Инфрақұрылымды дамыту басқармасының  бөлім басшысы:

- Меншік иелері бірлестігіне немесе қарапайым серіктестікті басқару түрлеріне өткен кісілерде ең басты мәселе бұл ПИК бұрынғы үйге қызмет көрсеткен ұйымның сол үйге қатысты құжаттарды бермеуі. Бұл жерде ол кісілер құжатты бермеген жағдайда жаңа басқару формасының төрағасы сот органдарына жүгіну керек. Ал сот органдарына жүгіну 1-2 күндік процесс емес, жарты жылға дейін, кейбірі 1 жылға дейін созылып, ең басты мәселе болып тұр.

Жергілікті әкімдік өкілдерінің мәліметінше, 8 мобильдік топ жұмыс істеп жатыр. Бірақ бұл әзірге мәселені шешіп жатқан жоқ. Тұрғындардың белсенділігін арттыру үшін тегін оқыту курстары жетіспейді. Заңдық тұрғыдан көмек көрсетілмейді. Реформаны тұйыққа тіреп жатқан осы болуы мүмкін. Жуырда Мемлекет басшысы тұрғын үй саясатын жетілдірудің жаңа тетіктерін қарастыруды тапсырды. Жергілікті билік оны қалай жүзеге асырады? Оны уақыт көрсетпек.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов.